АЗЕРТАДЖ мәліметінше, 19 маусым күні «Азнефть» өндірістік бірлестігінің тиісті қызметтеріне Дюбенди жағажайы маңында мұнай іздері байқалғаны туралы ақпарат түскен.
Алғашқы тексеру барысында Пираллахы аралы мен Дюбенди кенті арасындағы теңіз аумағында кеме мен авиация көмегі арқылы мұнай дағы анықталды.
Бастапқы кезеңде ағып жатқан жер бірден байқалмағандықтан, мамандар ластанудың бірнеше ықтимал себебін қарастырған.
Кейінгі диагностикалық тексеру нәтижесінде мұнайдың теңіз астындағы «Азнефтьке» тиесілі құбырлардың бірінен шыққаны белгілі болды.
Апат көзі анықталғаннан кейін осы бағыттағы мұнай тасымалы дереу тоқтатылып, салдарын жою үшін жедел штаб құрылды.
Сүңгуірлер жүргізген тексеру кезінде құбырдың зақымданғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, зақым сыртқы әсерден, болжам бойынша кеме зәкірінен болуы мүмкін.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін зақымданған бөлік қолданыстан шығарылды. Бұл мұнайдың одан әрі ағуына жол бермейді.
Қазір Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Азнефть» теңіз аумағы мен жағалау сызығын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін Әзербайжанның Жапонияға алғашқы мұнай тиеген танкерін жібергені туралы жаздық.