Азиада-2026: Ат спортынан жекелей сынды қазақстандық шабандоз ашады

АСТАНА. KAZINFORM – 3 қазан күні Токиодағы Equestrian Park кешенінде Азия ойындары аясындағы ат спортынан ең тартысты бәсекелердің бірі – конкурдан жекелей біріншіліктің (Jumping Ind A) бірінші раунды басталады. Бұл сында құрлықтың ең мықты шабандоздарымен қатар Қазақстан намысын 4 спортшы қорғайды.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

Жарыс халықаралық «А» кестесі бойынша уақытқа бағына отырып өтеді (Table A, against the clock). Спортшылар үшін басты міндет – биіктігі 145 см бастап 155 см дейін жететін күрделі кедергілерді қатесіз әрі барынша жылдам еңсеру. Мұндағы белгіленген қозғалыс жылдамдығы – минутына 400 метр.

Турнирге Азия аймағының 13 елінен, соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Жапония, Оңтүстік Корея және Қатардан жиынтығы 29 спортшы қатысады.

Жарыс жолына ең алғашқы болып қазақстандық шабандоз шығады. Атап айтқанда, қазақстандық спортшылардың старттық реті келесідей:

  1. Ксения Баталова жарысты ашатын сапта көш бастап, LADY DI есімді сұр биесімен 1-ші болып шығады.
  2. Раиса Соколенко турнирдің екінші бөлігінде URAN NAD WIGRAMI тұлпарымен 22-ші болып өнер көрсетеді.
  3. Нұрила Тұрысбекова QUIBELLE VAN D'ABELENDREEF атты сәйгүлігімен 26-шы нөмірде бақ сынайды.
  4. Олег Соколенко отандық шеберлердің өнерін қорытындылап, CINDERELLA торы биесімен 27-ші болып шабады.

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары күрделі маршрут пен құрлықтың ең мықты аттарына қарсы тұрып, Азия ойындарының жоғары тұғырынан көрінуді көздейді.

Жарыс Астана уақытымен сағат 05:30-да басталады.

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында топ жарғанын жазған едік.