Қазақстан спортшылары 15 спорт түрінен жарыс жолына шығып, ел қоржыны екі жүлдемен толықты.
Үстел теннисінде әйелдер құрамасы Мальдивті 3:1 есебімен жеңіп, С тобында екінші орынға жайғасты. Ел намысын Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшкімбаева, Альбина Жақсылықова және Ангелина Романовская қорғады.
Волейболшы қыздар 5-8 орындар үшін өткен кездесуде Қытай Тайбэйі командасына 2:3 есебімен есе жіберді. Келесі кезекте спортшылар 7-8 орын үшін жарыс жолына шығады.
Қазақсан ерлер құрамасы 10 метрден пневматикалық мылтықпен ату сайысына 1871.4 ұпай еншілеп, жетінші орынға ие болды.
Жекелей есепте спортшыларымыз финалға өте алмады. Ислам Сәтпаев 24-орын, Никита Шахторин 26-орын және Константин Малиновский 29-орынға табан тіреді.
Санжар Әділов ММА-дан 65 келіге дейінгі салмақта дәстүрлі стилі бойынша қола жүлде иеленді. Осылайша ол Қазақстан құрамасының осы спорт түрінен Азия ойындарында медаль жеңіп алған алғашқы спортшыларының бірі атанды.
Каратэден ерлер арасындағы кумите бағдарламасында Олжас Алтынбек (-67 кг) жүлдесіз қалды. Ал әйелдер арасындағы 61 келі салмақта ақтық сында Әсел Қанай қытайлық Гун Лиға 2:8 есебімен жол беріп, ел қоржынына алғашқы күміс жүлде салды.
Сондай-ақ Еркінғали Бүркіталин аралас жекпе-жектен XX жазғы Азия ойындарының финалына шыққан тұңғыш отандасымыз атанды.
Екі жарыс күнінің қортындысы бойынша, 29 елдің спортшылары жүлде жеңіп алды. Қытай құрамасы 23 алтын, 10 күміс және 5 қола медальмен көш басында. Ал Жапония (8 алтын, 12 күміс, 12 қола) және Оңтүстік Корея (5 алтын, 3 күміс, 15 қола) алдыңғы үштіктен көрінді.
Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен төртінші орынды сақтап қалды.
Осыған дейін Әсел Қанай жарыстан кейін пікір білдіріп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.