Әсел Қанай: Финалдық жекпе-жек қиын әрі эмоцияға толы болды

ТОИОХАШИ. KAZINFORM – Қазақстандық каратэші Әсел Қанай Жапониядағы жазғы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, күміс медаль еншіледі. Жарыстан кейін спортшы Kazinform тілшісіне финалдық айқасы және алдағы жосапрлары туралы айтып берді.

Әсия Қанай
Фото: Сали Сабиров

Спортшы ақтық бәсеке оңайға соқпағанын жасырмады.

- Бүгін сәттілік жетіспеді, бабым мен бағым келіспеген шығар. Өкінішке орай қытайлық қыз жеңіске жетті. Жалпы, финалдық жекпе-жек эмоцияналды түрде қиындыққа толы болды. Жарыстан тамаша әсер алдым, жылап та алдық. күліп те алдық,- деді Әсел Қанай.

Қазақстандық каратэші бүгінгі кездесудің қалай өткенін айтып берді.

- Қытай қызымен бірнеше рет айқастым. Біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз, ол да маған қарсы жақсы дайындалғанын байқадым. Соңғы рет Азия чемпионатында оны жеңген едім. Бүгін де оны жеңетініме сенімді болдым. Алайда, төрешілер шешімімен күміс жүлде бұйырды,- деді ол.

Әсел Қанай алдағы додаларда ел намысын абыроймен қорғауды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

- Алда Астанада Қазақстан чемпионаты бар, одан кейін келесі жылы әлем чемпионаты келе жатыр. Еліме алтын медаль сыйлаймын деп үміттенемін,- деді спортшы.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Әсел Қанай әйелдер арасында 61 кг салмақта кумите бағдарламасында қытайлық Гун Лиға 8:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлде еншіледі.

Отандасымыз ширек финалда моңғолиялық Пуревжав Маралжингооны 9:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда камбоджалық Ван Чакрияны 3:0 есебімен қапы қалдырды.