Азиада-2026: Қазақстан құрамасының қоржыны төрт жүлдемен толықты

НАГОЯ. KAZINFORM — Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының үшінші жарыс күні өз мәресіне жетті.

Коллаж: Kazinform/ olympic.kz/ instagram.com/kaz_karateofficial/ magnific.com/ Canva

Қазақстандық спортшылар бүгін 17 спорт түрінен жарыс жолына шығып, ел қоржынына екі алтын және екі қола медаль сыйлады.

Ең әуелі каратэден кумите бағдарламасы -55 кг дейінгі салмақта Бэлла Самашева қола медаль жеңіп алды.

Фото: Спортты дамыту дерекциясы

Жағажай волейболынан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Сергей Богату мен Кирилл Гурин топтық кезеңнің кезекті кездесуінде жеңіске жетті.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Сонымен қатар, баскетболдан Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойында Гонконг құрамасын 80:77 есебімен қапы қалдырды.

Фото: Нұргали Жұмағазы / ҰОК

Еркінғали Бүркіталин ерлер арасында (77кг) аралас жепе-жек спортынан дәстүрлі стиль бойынша жарыс жолына шығып, ақтық сында Бахрейн спортшысы Мұхаммед Набиевті 3:0 есебімен жеңді.

Фото: Kazinform

Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы бесінші алтын жүлдесі болды.

Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан үшінші кездесуінде Таиланд құрамасын 14:13 есебімен жеңді. Оған дейін ел құрамасы Сингапурды 12:7 есебімен қапы қалдырып, Жапонияға 10:25 есебімен жол берген еді.

Фото: ҰОК

Енді отандастарымыз 23 қыркүйекте Қытай, 24 қыркүйекте Өзбекстан құрамаларымен шеберлік байқасады.

Қадырбек Шынбаев аралас жекпе-жек сортынан ерлер арасында (71кг) заманауи стильде ақтық сында Тәжікстан өкілі Хуршедзода Бехрузден 3:0 есебімен басым түсіп, ел қоржынына алтыншы алтын медаль сыйлады.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Каратэден Кумите бағдарламасында -75 кг салмақта ел намысын әлем чемпионатының жүлдегері, 3 дүркін Азия чемпионы Нұрқанат Әжіқанов қорғады. Ол ширек финалда ирандық Мортеза Нематимен кездесіп, жол берді. Қола медаль үшін жекпе-жекте отандасымыз филиппиндік Батикан Алвинді 10:1 есебімен ойсырата жеңді.

Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша, 34 елдің спортшылары жүлде жеңіп алды. Қытай құрамасы 32 алтын, 13 күміс және 8 қола медальмен көш басында. Ал Жапония (11 алтын, 16 күміс, 19 қола) және Оңтүстік Корея (6 алтын, 4 күміс, 17 қола) алдыңғы үштіктен көрінді.

Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта 6 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр.

Осыған дейін Еркінғали Бүркіталин Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, жарыстан кейінгі сезімі және алдағы кәсіпқой мансабы туралы айтып берді.