Азиада-2026: Қазақстан құрамасының жүлде саны 25-ке жетті

НАГОЯ. KAZINFORM — Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының бесінші жарыс күні өз мәресіне жетті.

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық спортшылар бүгін 16 спорт түрінен жарыс жолына шығып, ел қоржынына бір алтын, төрт күміс және бір қола медаль салды.

Ушу-санда спортынан Азия ойындары өз мәресіне жетті. Ерлер арасында ушу-санда спортынан 75 келі салмақта Абдурашид Абдуллаев ирандық спортшы Мусави Сохейлге есе жіберіп, күміс медаль еншіледі.

Академиялық ескек есу спортынан ерлер арасында жұптық сында Владислав Яковлев және Иван Чернухин жарыс жолына шықты.

Қортындысында, отандастарымыз 6 минут 25.13 секунд уақытта мәре сызығын бірінші болып кесті.

Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы осы спортта алғаш рет Азиада чемпионы атанып отыр.

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая байдарка мен каноэде есу жарысында әйелдер арасындағы 500 метрлік қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.

500 метр қашықтыққа каноэде есуден ерлер арасындағы А финалында Сергей Емельянов пен Тимофей Емельянов мәреге үшінші болып келіп, қола жүлдені еншіледі.

Қазақстандық гимнаст Милад Карими спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы еркін жаттығудың финалында сәтті өнер көрсетіп, қорытынды есепте екінші орын алды.

Осылайша, Қазақстан 32 жылдан кейін Азия ойындарында аталған бағдарлама бойынша қайтадан күміс медаль жеңіп алды. Бұған дейін қазақстандық гимнаст ерлер арасындағы еркін жаттығуда 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында екінші орын алған болатын. Ол кезде Сергей Федорченко күміс жүлдеге қол жеткізген еді.

Кирилл Проходов ерлер арасында семсерлесуден сапы сайысының ақтық сынында екі дүркін Олимпиада чемпионы, жапониялық Кано Кокимен шеберлік байқасты.

Қорытындысында, қазақстандық спортшы 13:15 есебімен қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығалады.

Қазіргі уақытта 37 елдің спортшылары жүлде жеңіп алды. Қытай құрамасы 80 алтын, 30 күміс және 20 қола медальмен көш басында. Ал Жапония (20 алтын, 34 күміс, 37 қола) және Оңтүстік Корея (10 алтын, 12 күміс, 128 қола) алдыңғы үштіктен көрінді.

Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта 8 алтын, 8 күміс және 9 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Төрехан Сабырхан ХХ жазғы Азия ойындарын жарқын жеңіспен бастады.

Сонымен қатар жеңіл атлет Дэйзи Джепкемей Азия ойындарында жүлдеге бір қадам жетпей қалды.