Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында ел құрамасы қоржынына тағы екі жүлде түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар 81 келі салмақта 3-орын үшін өзбекстандық Мусо Собировпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы қарсыласын иппон әдісімен жеңіп кетті. Нәтижесінде дүбірлі додада қола жүлдеге қол созды.
Абылайхан іріктеу сатысында Гонконг және Бахрейннен келген қарсыластарын қапы қалдырды.
Жартылай финалда тәжікстандық Сомон Махмадбековке есе жіберіп қойды.
Сондай-ақ, дзюдодан Есмигүл Куюлова (63 келі) тағы бір қолаға ие болды. Ол 3-орын үшін сайыста жапониялық Киёми Ватанабені жеңді.
Еске салсақ, бұдан бұрын дзюдодан Абиба Әбужақынова екінші орын алса, үшінші орынға Мағжан Шамшадин, оқ атудан Никита Чирюкин қол жеткізді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.