Азиада: Қазақстан қоржынына үшінші жүлде түсті

азиада
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында ел құрамасы қоржынына үшінші медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, ел құрамасынан Никита Чирюкин оқ атудан қола жүлде алды. Ол тапаншадан 25 метрге жылдам көздеу сайысында үздік үштікті түйіндеді.

Бұл бәсекеде бірінші орын қытайлық Юхон Лиге бұйырса, екінші орынға сол елдің тағы бір өкілі Янгпан Лю ие болды.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан дзюдодан Абиба Әбужақынова (48 келі) күміс, Мағжан Шамшадин (60 келі) қола жүлдегер атанды.

Қазақстан Ханчжоу қаласына 30 спорт түрінен 524 атлет (262 ер, 262 әйел) алып барды. 

Дүбірлі додада спорттың 8 түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж Олимпиадасына лицензия ойнатылады.

Соңғы жаңалықтар