Бүгін Ақордада Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Темірлан Тілеулестің жетістігін ерекше атап өтті.
Спортшының айтуынша, бұл алтын медальға жету жолы оңай болмаған. Жыл басында иығына ота жасалып, алты ай бойы күтінген.
– Тіпті жаттығуға қайта кіріскенде спортқа бұрынғыдай орала аламын ба деген күмән болды. Дәрігеріме, ұлттық құрамаға, бапкерлеріме және отбасыма алғыс айтамын. Барлығы маған қолдау көрсетті. Соның арқасында қайтадан толыққанды жаттығып, Азия ойындарында үздік нәтиже көрсете алдым, – дейді Темірлан.
Темірлан ең алғаш 6 жасында үй маңындағы таэквондо секциясына барған. Бұл спорт түрі бірден ұнап, содан бері жаттығуын үзбеген. Биыл таэквондомен айналысқанына 15 жыл толады.
Осы уақыт ішінде ол халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанды. 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында және Универсиадада қола медаль жеңіп алған. Ең алғашқы алтын медалін – Азиада ойындарында алды.
– Бұған дейін көбінесе үшінші орын алып жүрдім. Әсіресе, бірнеше жарыста соңғы секундтарда есе жіберген кездер болды. Жеңілістен кейін бәрін тастағың келетін сәттер болады. Жаттығуға барғың келмейді. Бірақ отбасың мен бапкерлеріңнің қолдауын сезінгенде, әлі орындалмаған басты мақсатың бар екенін түсінесің. Содан қайтадан ерте тұрып, жаттығуға кірісесің. Ал жеңістен кейін жаттығуды ешқашан үзгің келмейтін күш пайда болады, – дейді чемпион.
Темірланның айтуынша, Азия ойындарында алтын медаль алу өте қиын болды.
– Жеребе бойынша бірден барлық фаворитпен кездесуге тура келді. Тіпті кейбіреулер мені келесі кезеңге өте алмайды деп болжады. Бірақ біз қаншама уақыт дайындалдық, сол еңбектің нәтижесін көрдік. Ақыры мақсатымызға жетіп, тарих жасадық. Жылдар бойғы еңбегіміз ақталды, – дейді ол.
Т. Тілеулес Азия ойындарындағы тарихи жеңіспен тоқтап қалғысы келмейді. Алдағы уақытта әлем чемпионы атанып, Олимпиада ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілуді көздейді.
– Қазір дайындық жақсы жүріп жатыр. Жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетіп келеміз. Сондықтан Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже боларына үміттенемін, – дейді Темірлан Тілеулес.
Айта кетейік, Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында Қазақстан таеквондодан тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ерлер арасында 58 кг дейінгі салмақ финалында Темірлан Тілеулес жеңіске жетіп, қазақтан шыққан тұңғыш Азиада жеңімпазы атанды.