- Қазақстан негізгі азық-түлік түрлері бойынша жалпы алғанда ішкі қажеттілікті қамтамасыз етеді. Негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары. Сонымен қатар, құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма бойынша қамтамасыз ету деңгейін 80%-ға жеткізу мақсатында отандық өндірісті ұлғайту және импортты алмастыру жөнінде нысаналы жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, сүт саласының шикізат базасын нығайту мақсатында тауарлық-сүт фермаларын салуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жалпы, жылдық қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын 95 сүт-тауар фермасы қаржыландырылды, оның ішінде 71 ферма пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін жылдық қуаттылығы шамамен 100 мың тонна болатын тағы 19 ферманы іске қосу жоспарланып отыр, - деді А.Сұлтанов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, құс шаруашылығы саласында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Соңғы бес жылда құс етінің өндірісі 58%-ға артты, импорт көлемі 25%-ға қысқарды, ал ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін өсті. Өсім қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу есебінен қамтамасыз етілді.
- Жаңа жобаларды іске асыру өндіріс көлемін едәуір арттыруға және ішкі нарықты отандық құс етімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, тамақ өнеркәсібі тұрақты оң серпін көрсетуде. Өсім негізгі азық-түлік өнімдерінің барлық түрі бойынша байқалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға артты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сала жоғары өсу қарқынын сақтап, өндіріс көлемі былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7% ұлғайды, - деді вице-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, жарты жылда ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңге болды.