Азия біріншілігінде ел намысын қорғайтын теннисшілер белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтетін үстел теннисінен жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының құрамы жарияланды.

Фото: ҰОК

Құрлық біріншілігінде U19 және U15 жас санаттарында жүлделер сарапқа салынады. Қазақстан намысын екі жас ерекшелігі бойынша 16 спортшы қорғайды.

U19 санатында Алан Құрманғалиев, Қадырәлі Қабдылуахитов, Нұрислам Қасым, Арнұр Оралханов, Альбина Жақсылықова, Дарья Фу, Алиса Цвигун және Дарья Гамова өнер көрсетеді.

Ал U15 құрамасына Нұрдәулет Азаматұлы, Мансұр Сүйіндік, Игитали Сұлтанмұратов, Марлен Жұмағұл, Мария Лукьянова, Жәния Бекмұхамбетова, Ойдин Камилжанова және Амира Әлімгерей енді.

«Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңін өткізуде. Спортшылар Астана қаласында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Жаттықтырушылар штабы жарыс алдында спортшылардың физикалық және тактикалық дайындығына ерекше көңіл бөлуде», – деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.

Азия чемпионаты 27 маусым мен 4 шілде аралығында Бангкок қаласында өтеді.

Айта кетейік, Соня Жиенбаева жұптық сында Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты.