Азия чемпионаты: Гандболдан Қазақстан ерлер құрамасы Гонконгты жеңді

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Бахрейн астанасы Манама қаласында гандболдан ерлер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 9-16 орындар үшін сынға түседі.

Қазақстандық гандболшылар D тобында сынға түсті. Алдымен Бахрейннен 13:47, Біріккен Араб Әмірлігінен 15:39 есебімен жеңіліп, Гонконгты 27:22 есебімен тізе бүктірді. 

Енді қазақстандық гандболшылар 9-16 орындар үшін сынға түседі. Қарсыластары — Қытай, Оман және Үндістан.

Бұл кезеңде 18 қаңтарда — Оман, 19 қаңтарда — Қытай, 21 қаңтарда — Үндістанмен шеберлік байқасады.

Нәтижесінде құрамалардың қай орын үшін сынға түсетіні белгілі болады.

Аталған ойындар 22-23 қаңтар күндеріне белгіленген.

Қазақстан құрамасы биыл құрлықтық додаға үшінші мәрте қатысып отыр.

1998 жылы сегізінші орынға табан тіресе, 1993 жылы он бірінші орынды місе тұтты.

Айта кетсек, құрлықтық дода нәтижесінде 2025 жылы қыста Хорватия, Дания мен Норвегияда өтетін әлем чемпионатына 4 құрама жолдама алады.

Бахрейн осыған дейін Азия чемпионатын 1993, 2014 және 2016 жылы қабылдаған.

Қазіргі чемпион — Қатар қатарынан 5 мәрте Азия чемпионатында (2014, 2016, 2018, 2020 мен 2022 жылы) топ жарды.