АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстандық балуандар 2 күміс, 2 қола медаль алды.
Ел құрамасынан Омар Сатаев (82 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) екінші орынға табан тіресе, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Жалпыкомандалық есепте ұпай саны бойынша Иран (201 ұпай) көш бастаса, одан кейінгі орындарда Өзбекстан (168), Жапония (131), Қазақстан (98 ұпай) орналасқан.
Айта кетсек, алтын алған спортшыға 25 ұпай, күміске 20, қолаға 15 балл есептеледі.
Былтыр Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен құрлықтық додада грек-рим күресінің шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 1 қола олжалаған еді.
Енді қазақстандық балуандар әйелдер күресі мен еркін күрестен ел намысын қорғайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.