АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Асланбек Шымбергенов қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан құрамасының капитаны, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта филиппиндік Маржон Пианьярмен шеберлік байқасты.
Бірінші раунд боксшылар бір-бірімен барынша тіресіп баққанымен, Асланбектің басымдылығы байқалды. Ал екінші раундта қазақстандық боксшы әуелі М.Пианьярды нокдаунға жіберді. Содан кейін тағы бір соққымен сұлатып түсірді.
Бүгін сондай-ақ аса жеңіл салмақта Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Асилбек Джалиловпен жұдырықтасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатын Серік Теміржановтың жеңіспен бастағанын, Сәкен Бибосыновтың бастапқы кездесуін сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Назым Қызайбай Азия чемпионатының ¼ финалына өтті.
Азия чемпионатында бүгін қазақстандық үш боксшының рингке шығатыны хабарланды.
Бокстан Азия чемпионатында Дулат Бекбауов ширек финалға жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).