АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Дулат Бекбауов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта түркменстандық Сапармұрат Одаевпен рингке шықты.
Дулат үш раунд бойы шеберлігінің басым екендігін көрсетіп, соққыларын көбірек дарыта білді. Төрешілер 5:0 есебімен жеңісті қазақстандық боксшыға берді.
Осылайша, 6 қараша күні Дулат жартылай финалға шығу үшін қырғызстандық Жакшылык Талайбековпен таласады.
Сонымен қатар бүгін Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асилбек Джалиловпен, Асланбек Шымбергенов (71 кг) филиппиндік Маржон Пианьярмен қолғап түйістіреді.
Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 16.00-де, кешкі сессия 21.00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатын Серік Теміржановтың жеңіспен бастағанын, Сәкен Бибосыновтың бастапқы кездесуін сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Назым Қызайбай Азия чемпионатының ¼ финалына өтті.
Азия чемпионатында бүгін қазақстандық үш боксшының рингке шығатыны хабарланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).