Азия чемпионатында Махмуд Сабырхан тағы бір медальге қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатының алтыншы күнін Махмуд Сабырхан сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы Махмуд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта моңғолиялық Дорьныамбуу Ганболдпен жұдырықтасты.

Қазақстандық боксшы үш раунд бойы сауатты өнер көрсетіп, қарсыласына соққыны көбірек дарытып, шеберлігінің басым екендігін айқын таныта білді. Төрешілер бір ауыздан жеңісті Махмуд Сабырханға берді – 5:0.

Осылайша, М. Сабырхан жартылай финалға өтті. Бұл – кемінде қола медаль қоржында деген сөз.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Азия чемпионатында қазақстандық жеті боксшы медаль үшін сынға түседі. Демек, бүгін тағы алты боксшы рингке шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Жазира Орақбаева мен Жайна Шекербекованың жартылай финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз. Карина Ибрагимова жүлдегерлер қатарына қосылды.

Сондай-ақ, Сәкен Бибосынов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Ол финалға шығу үшін өзі сияқты әлем чемпионы, жапониялық Томоя Цубоймен таласады.

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына сегізінші медаль түскенін де хабарлаған едік.



Фото: olympic.kz