Азия даму банкі Грузия қатысатын мультимодальды дәліздерді дамытуға басымдық береді
АСТАНА. KAZINFORM — Азия даму банкі (АДБ) CAREC бағдарламасы аясында мультимодальды көлік және энергетикалық дәліздерді дамытуға баса назар аударады. Аталған дәліздердің бір бөлігі Грузия арқылы өтеді. Бұл туралы АДБ-ның Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Лия Гутьеррес мәлімдеді. Ақпаратты Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Бірінші қоғамдық телеарнаға сілтеме жасап хабарлады.
Жобалар автожолдар мен теміржолдарды, әуе және су көлігін, сондай-ақ «ақылды» мобильділік шешімдерін қамтиды. Ерекше назар 2-дәлізге аударылады. Бұл бағыт едәуір дәрежеде Орта дәлізбен (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) сәйкес келеді. Аталған коридорды толыққанды экономикалық дәлізге айналдыру мақсатында оны жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр.
Жобалардың тиімділігін бақылау үшін дәліздерді мониторингтеу жүйесі қолданылады. Сонымен қатар шекаралық өткелдерді қаржыландыруға арналған жаңа BUILD тетігі трансшекаралық тасымал мен сауданы жеделдетуге мүмкіндік береді.
Энергетика саласында АДБ жаңартылатын энергия көздерін кеңейтуге, электр желілерін жаңғыртуға және өңірлік энергетикалық өзара байланысты нығайтуға басымдық бермек. Ерекше назар Тәжікстандағы Рогун су электр станциясы мен Қырғызстандағы Камбарата ГЭС-1 сияқты ірі гидроэнергетикалық жобаларға аударылады. Сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан қатысатын Каспий теңізі арқылы өтетін Жасыл энергетикалық дәлізді дамыту жоспарланған.
Жобалардың тиімділігі жаңартылатын энергия көлемінің артуы, энергетикалық желілердің сенімділігі және таза энергиямен алмасуға арналған өңірлік платформалардың құрылуы арқылы бағаланатын болады.
Бұған дейін біз Оңтүстік Кавказда салынып жатқан халықаралық көлік дәліздері туралы жазған болатынбыз.
Айта кетейік, Грузияда жылдық инфляция желтоқсанда 4%-ға жетті.