Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер күресінен қазақстандық екі балуан қола жүлдеге таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі додада 62 келі салмақта бақ сынаған Ирина Кузнецова Азия ойындарында қола жүлдеге таласады.
Биыл 22 жасқа толған ол 1/8 финалда Церенчимед Сухиді 6:4, 1/4 финалда Хсин Пинг Пайды (Тайпей) 12:0 есебімен ұтып кетті.
Ал жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы Нонока Одзакиге (Жапония) 0:8 есебімен есе жіберіп, қола жүлдеге таласатын болды.
Сондай-ақ, ұзақ жылдан кейін үлкен спортқа қайта оралған 36 жастағы Елена Шалыгина да 3-орын үшін белдеседі. Қарсыласы - Азия чемпионатының 3 мәрте жүлдегері Делгермаа Енхсайхан (Моңғолия).
Еске салсақ, бұдан бұрын әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (76 келі) финалға шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.