Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова Азия ойындары финалына шықты
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (76 келі) финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық балуан алғашқы айналымда Светлана Окназарованы (Өзбекстан) 7:0есебімен жеңсе, одан кейін Ариунжаргал Ганбатты (Моңғолия) 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал 1/2 финалда Үндістан балуаны Киранды 4:2 есебімен ұтты.
Ол финалда әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Айпері Медетқызымен (Қырғыз Республикасы) белдеседі.
Жәмила Бақбергенова 1996 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Ересектер арасында 2021 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.
Ол Азия чемпионатында 2020, 2022 жылдарда чемпион атанса, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын джиу-джитсуден Нұржан Батырбеков Азия ойындарының чемпионы атанды.