Азия ойындары: Бүгін Қазақстан құрамасынан төрт боксшы шаршы алаңға шығады
Бүгін, 1 қазанда Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасынан төрт боксшы шаршы алаңға шығады. ҚазАқпарат бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Күндізгі сессияда Қазақстан атынан екі спортшы қатысады. Астана уақытымен сағат 13:15-те Наталья Богданова шаршы алаңға шығады. 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін спортшымыз ширек финалда моңғолиялық Цэцэгдари Мягмарсурэнмен кездеседі.
Сағат 14:45-те 92 келіге дейінгі салмақтағы Сағындық Тоғамбай жартылай финалдық жекпе-жек өткізеді. Ол қытайлық Хань Сюэчжэньмен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жектердің тікелей трансляциясын Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.
Кешкі сессияда Қазақстанның екі спортшысы шаршы алаңға шығады. Сағат 17:15-те 57 келіге дейінгі салмақта Карина Ибрагимова моңғолиялық Намуун Монхормен ширек финалдық жекпе-жек өткізеді.
Сағат 19:00-де 63,5 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалда Ертуған Зейнуллинов Моңғолияның тағы бір өкілі Чинзориг Баатарсухиинмен кездеседі. Бұл жекпе-жектерді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Қазақстан құрамасының 30 қыркүйектегі нәтижесіне тоқталар болсақ, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) Азия ойындарының жартылай финалына өтті. Ол Өзбекстаннан келген әлем чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевты нокаутпен жеңді.
Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) Бахрейн боксшысы Данис Латыповты 5:0 есебімен жеңіп, Азиаданың жартылай финалына сенімді түрде өтті.
Қазақстандық байдарка мен каноэде есушілер Азия ойындарының финалында бірден 5 түрлі сайыс бойынша бақ сынайды. Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Ауғанстаннан озық шықты. Есеп-3:0.
7-ші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 4 күміс және 19 қола жүлде бар.