Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық каратэші Мөлдір Жаңбырбай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мөлдір Жаңбырбай 50 келіге дейінгі салмақта үш мықты қарсыласын жолдан тайдырды.
Қазақстандық каратэші алдымен Азия чемпионы, қытайлық Йе Тинг Цангты тартысты кездесуде 3:2 есебімен ұтты. Содан кейін екі мәрте әлем чемпионы, жапониялық Михо Миахараның (6:5) меселін қайырды. Жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Сара Бахманиардан 5:4 есебімен айласын асырды.
М.Жаңбырбай финалда 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы, тайбэйлік Шиау Шуанг Гумен алтынға таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында Софья Берульцеваның Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).