Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тоғызыншы орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Каратэші Софья Берульцева жеңімпаз атанғаннан кейін қазақстандықтар алған алтын медаль саны онға жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Бахрейнді басып озып, 10-нан 9-сатыға жайғасты.
Бахрейнде де он алтын, бірақ олардың күмісі мен қоласы әлдеқайда кем.
Қазіргі кезде Қазақстан қоржынында 10 алтын, 20 күміс, 44 қола медаль бар.
Медальдар кестесінде Қытай құрамасы (187 алтын, 104 күміс, 62 қола) жекедара көш бастаса, одан кейін Жапония (47, 57, 62), Корея (36, 49, 84), Үндістан (22, 34, 39), Өзбекстан (20, 18, 26) спортшылары келеді.
Азия ойындары ертең мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында Софья Берульцеваның Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).