Азия ойындары: Ұлттық құрама жағажай волейболынан іріктеу сайысында жеңіске жетті

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары аясында жағажай волейболынан іріктеу сайысы басталды.

ҚР ҰОК мәліметінше, 20 қазанда ұлттық құрама топтық кезеңде төрт матч өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті.

Қыздар құрамасынан Гаяна Галаш пен Мерей Қожахмет алдымен Шри-Ланканы 2:0 есебімен жеңді. Одан кейін қазақстандықтар Қатар құрамасынан да 2:0 есебімен басым түсті.

Ұлдар арасындағы жұптық сайыста Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш алғашқы ойында Моңғолияны 2:0 есебімен ұтты. Кейін қазақстандық жағажай волейболшылары Қытай құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы гандболдан алғашқы кездесуін өткізді.

Әлиям Әзізова Азия ойындарының жартылай финалына жолдама алды.