Сембіғали Смағұлов - бейнелеу өнері саласында 30 жылға жуық тер төгіп келе жатқан белгілі қылқалам шебері. Халықтың игілігіне айналған көптеген өнер туындыларының авторы. Біз суретшімен жалпы бейнелеу өнері туралы және жеке шығармашылығы жайында әңгіме өрбіттік.
- Ел болып тойлайтын Тәуелсіздік мерекесі мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында маңызы зор елдік мерекенің қадыр-қасиеті жайлы айтып берсеңіз?
- Тәуелсіздік мерекесі елім дейтін әр адамның көңілін толқытатын, мерейін үстем ететін халықтық мереке. Жұртпен бірге қуанып тойлаймыз. Тәуелсіздік символының авторы болғандығымнан болар, тіптен жеке меншік мерекемдей сезініп, шаңырағымызда дастархан жайып, жора-жолдастарымызды шақырып, арнайы атап өтеміз. Ал Тұңғыш Президент күні мерекесін тойлаудың да мән-маңызы зор. Тәуелсіз елдің қалыптасуы, бүгінгідей әлемде орны бар абыройлы мемлекетке айналуы Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі деп білемін. Өз басым шығармашылық адамы болғаннан кейін, осындай маңызды мерекеге арнап «Азуына ай тістеген Арлан» деген жаңа туындымды жаздым. Шығарманың көтерген түпкі мәні орныққан, айбынды, күш-қуаты мығым тәуелсіз Қазақ елін көрсету. Бағзы түркінің, қазақтың Арландары айға қарап ұлыған, айбары мен қаһарын көрсетіп азуын айға білеген. Бөрілі байрағы жауын сескендіріп, жеңісте желбіреген. Қазіргі күні сол қасиетті ата-баба жерінде тұғырына қонған, азуына ай тістеген тәуелсіз ел болдық. Осы мерекеге арнап салған суретімді мүмкін болса Елбасына тарту еткім келеді.
- Сіздің оқыған мамандығыңыз қаланың бет-бейнесін әсемдеуге қатысы бар екен. Ендеше Астананың көркіне көрік қосып, қаламызды құлпырта түсу үшін не істеуіміз керек?
- Менің оқыған мамандығым - монументті-сәндік кескіндеме. Бұл мамандықта қаладағы түрғын үйлерге үйлесімді сән беретін, шырай кіргізетін бағыттарды зерттеп, оқытады. Елордамыз - әлем астаналарының ішіндегі ең суық қалалардың бірі. Астанада тұманды, қарлы-боранды, жаңбырлы күндер көп. Осындай табиғат құбылыстарына қарамастан қала өз сәнін, көркем бейнесін жоғалтпауы керек. Ол үшін қала үйлесімді безендірілуі шарт. Әлемде мұндай тәжірибелер жеткілікті. Лондонның Тұманды Альбион деп аталуы тегін емес. Қалада көп уақыттар жаңбыр жауып, тұман басып тұрады. Сондықтан қаладағы үйлер, көше автобустары қызғылт реңге боялған. Ол қаланың үстін басқан сұрғылт түстерді «жеңіп», сәнін келтіреді. Сол сияқты Голландияның астанасы Амстердам қаласында да қызылды-жасылды үйлер салынады. Онда жаяу адамдар өтетін жолдағы жолақтарды сары түске бояп қойған. Сары түс қар-мұздан анық көрінеді. Ақ түс тез жұтылып кетеді. Жол шетіндегі бағаналар да түрлі-түсті шешімді түстермен боялған. Олар ғасырлар бойы қалада тұрып келе жатқан қалалық адамдар. Біз қазақ халқы екінші буында ғана қалалық тұрғынбыз. Сондықтан бұл мәдениет бізге енді ғана сіңіп келеді.
Мен жұмысқа келе жатып Астана көшелерінің, үйлердің, жарнамалардың безендірілуіне қарап жақсы жерлерді көрсем - қуанамын, нашар, үйлесім таппай тұрған жерлерді көрсем - қынжылып тұрамын. Біздің қалада келсін-келмесін, әйтеуір ақ, көк түстерді қолдана береді. Бұл екеуі гармониялық қатынасқа жатпайтын түстер. Көше автобустарымыз жирен түске боялып жүйткіп жүрсе, көшедегі гүлдер секілді әсерге бөлер еді. Өзі сұры қаланы сұрландырмай, жылы түстермен безендіріп шырайын ашу керек.
- Бейнелеу өнері - қазақ жерінде кейінен дамыған кенже өнер. Қазақ суретшілерінің алғашқы буынынан бүгінгіге дейінгі толқындарының биік өрелі туындыларына қарап, осы өнерді жатырқамай қабылдап, бірден бойына сіңіріп, дамытып әкеткенін аңғарамыз. Осының сыры неде деп ойлайсыз?
- Қазақ халқының бойында бұрыннан бар дәстүрлі қолданбалы өнерінің өзі суретшіліктің бір формасы. Осымен бірге біздің халқымыздың болмысында табиғатпен үндестік, сергектік, сезімталдық, шығармашылық шабыт бар. Сондықтан бейнелеу өнері біздің ортамызда жылдам қалыптасып, арнаға түсті. Кеңес кезінде бейнелеу өнері жақсы дамыды. Соғыс жылдарында мықты суретшілер Қазақстанға уақытша қоныс аударып, жақсы мектеп қалыптастырып кетті. Осыдан кейінгі кезеңдерде әр буын суретшілері жаңа леппен, өз қолтаңбасымен келіп отырды. Мысалы, 60-жылдары шыққан суретшілердің өз айтары болды. Олар алды-артын шолып, әлемдік үрдістерге мойын бұрып, кеңестік ноқтадан босап шығуға талпынды. Шығармашылық ізденіс жасады. 70, 80, 90 жылдардың суретшілерінің барлығында шығармашылық өрлеу, жаңашылдық көп болды. Әр буын суретшілерін жеке талдап мінез бере аласың. Ал бүгінгі буынның шығармашылығында тоқырау болып тұрғандай сезіледі.
- Өнерді тоқыратпай, дәстүр сабақтастығын үзбей жаңа буын қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?
- Бүгінгі буындағы тосырқау мен тоқыраудың бір себебі нарық заманындағы өмір сүрудің қиындығынан туындап отыр. Жеке адамдардың деңгейіне бағынып, сұранысқа сай жұмыс істеу өнердің құнын түсіріп тұр. Осыған беріспей жүрген суретшілер - біздің қатарластарымыз. Ал жастарға келсек, бұрынғы кезде бейнелеу өнеріне балаларды кезең-кезеңімен тәрбиелеп оқытатын. Мектеп, колледжде оқып, содан кейін барып университетке қабылдайтын, қазір мектептен бірден университетке қабылдай береді. Әсілі колледждің кезінде олар композиция негіздерін түйіндеп оқитын. Бұл басқыштардан өтпесе балалардың «Тайбурылдың бір жаратуы кем болды» дегендей білімінде кемдік болып тұрады. Суреттің композициясы - шығарманың жалпы құрылымы, орналастырылуы, үйлесімділік, көркемдік шешімдеріне жауап береді. Әрине композицияны ешкім басы бүтін үйрете алмайды. Оның тәртібін, жолын түсіндіре аласың. Одан арғысы таланты мен құдай берген зейін-зердесіне байланысты. Қырағылығың, көрегендігің, сергек сезімің, құйылып тұратын шабытың, өмірден қабылдап алып, санаңда жаңғыртатын өмір сүрген ортаң болуы керек.
Көрмедегі қазіргі жастардың суретін бақыласаң, олардан үлкен ізденіс, биік талғам, өрелі ой көре алмайсың. Суретшінің жақсы туындысы музейлерге қойылуы керек. Міне сондай музейлік деңгейге жететін суреттер аз. Ал өнер мұражайлары ұлттың мәдениетін көрсететін, басқа жұртқа өзіңді танытатын ерекше орын.
- Сіздің шығармаларыңыз еліміздің қай өнер мұражайларында сақталған? Өнеріңізді бағалаған, беделді халықаралық ұйымдардың марапаттарын да қанжығалапсыз. Осы жайында айта кетсеңіз?
- Менің туындыларым халық мәдениеті қазынасының қоры саналатын Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Астанадағы жаңадан ашылған ұлттық музейде, Тәуелсіздік сарайы жанындағы өнер мұражайында, Атырау, Ақтөбе, Павлодар секілді облыстық мұражайларда сақтаулы тұр. Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары музейлерінде Студент кезімде салған «Менің әкемнің аттары» (1987ж.) туындым сақталған.
1994 жылы Вена қаласында өткен «Қазақстанның көне және жаңа өнері» көрмесінде шетелдіктер шығармаларыма жақсы бағаларын берді. Бұдан кейін Лондон қаласында, Германияның Дюссельдорф, Бремен, Гельзенкирхен қалаларында және Мәскеуде ұйымдастырылған көрмелерге туындыларымды қойдым. Өнер сапарымен басқа да шетелдерде көп болдым. Мені Еуропа Парламентінде «Өнер Кавалері» орденімен марапаттады. Бұл награданы Еуропа мен Қытайдың «Мәдениет пен өнерді қолдау» қоры тағайындаған. Ал Қытай елінің астанасы Бейжің қаласында өткен халықаралық суретшілер форумында «Күллі әлемдегі бейбітшіл суретші» деген құрметті атаққа қол жеткіздім. Бұның барлығы еңбегіңнің бағалануындай көрінеді. Ал, мен пендешілікке де жатқызам. Нағыз суретшінің қызығы мен шыжығы - шеберханасында отырып шығармашылығымен беріліп айналысу. Оңаша, оқшау болғанда адам өзіне көп сұрақ қойып, жауабын іздейді.
- Суретші өз мамандығының нағыз шебері болып қалыптасуымен бірге, нені үйреніп, білуі маңызды?
- Суретшінің жан-жақты білімді болуы, шығармашылық деңгейінің өсуіне, түрлі тақырыпта құнды туынды жаратуына жол ашады. Мен - қойшының баласымын. Ауылда табиғат аясында өстім. Сол ауылдың тұрмыс-тіршілігі, Төрт түлік малы, құстардың сайраған үні, тау басындағы жөңкіле көшкен бұлттардың әсем көріністері санамда жатталып қалды. Бұлар адамды қиялға бай етеді. Қазақ жазушыларының шығармаларын да сол ауылда жүргенде оқи бастадым. Кітаптың қызығына батып қарауымдағы талай қойға қасқыр шаптырғам. Сол уақыттарда Ілияс Есенберлинің «Көшпенділерін» оқып отырып, таулардың қапталынан қол төңкеріп келе жатқан Кенесары ханның бейнесі көз алдыма елестейтін. 4 сыныпта оқып жүргенімде қазақтың батырлар жырын оқуды бастадым. «Көрғұлы» жырын жатқа айтатынмын. Сондықтан көп кітап оқып, ұлттың дәстүрлі құндылықтары мен бар болмысын танып, білу маңызды деп ойлаймын. Менде осы уақытқа дейін шығармашылық тоқырау болған емес. Тақырып таба алмай қиналған кезім жоқ.
Мен танымал суретшілердің шығармаларына қарап, олардың жаққан бояуын, түрлі шешімдерін зер салып бақылаймын. Нағыз өнердің жолына қарайтын болсаң, сен біреудің иығына шығасың, өзің қалыптасып, білім-білігің жетілген кезде, сенде біреуді иығыңа қойып кетуің керек. Жоғалмауың керек. Өнердің өміршеңдігі, дәстүрлі жалғасуы осылай. Қатты еліктеу мен көшіруден сақтана отырып жаңалықты, артықшылықты сіңіріп қабылдауға болады. Біреуге ұқсап кетем бе деп алаңдауға болмайды. Әркім өз ізін қалдырады, әр ізде өзінің иісі қалады.
Осыдан біраз уақыт бұрын Ресейдің Омбы қаласында өткен халқаралық көрмеге өз туындыларымды апарып қойдым. Ол көрменің бір ерекшелігі білікті өнертанушылардың келіп қатысуы болды. Олар менің жұмыстарыма жақсы бағасын берді. Көздеріне үйір кеңестік сарынға ұқсамайтын, жаңаша мәнердегі шығармам таңданыс тудырған секілді. Оларға менің шығармаларымдағы символизм, нышан-таңбалар, ұлтымыздың дәстүрі, тарихы, мәдениеті астасқан тың шешімді бейнелер қызықты болды. Әр ел осылай өз болмысымен, жаңашылдығымен көрінуі керек деп қуанып, ниеттес тілектерін білдірді. Осы сияқты шетелге туындыларыңды апарғанда, сол елге ұқсап тұрсаң олар онша жақтырмай қарайды, көшірмені бағаламайды.
- Бүгінгі таңда шығармаға нақты баға беретін өнертанушылардың жаңа буыны өсіп келе ме?
- Қазіргі күні бейнелеу өнерінде кәсіби білікті өнертанушылар өте аз. Бұрындары Баян Барманқұлова секілді азулы өнертанушылар өнімді жұмыс істеген еді. Өнертанушы суретші болмаса да, осы өнердің қыр-сырын терең меңгерген болуы керек. Олар шығарманың композициясын, реңдердегі жылы, суық түстердің байланыстарын айтып, шикі түстерді көрсетіп, баға береді.
Картина салып жатып бір тұсқа қызыл түс жақсаң, ол өзін жақсы көреді, тағы басқа жерлерге жағуыңды сұрап тұрады. Көк түс қойсаң, ол да өзін іздей бастайды. Осындай сырларды түсініп, көркемдік шешімдердің мәніне үңілу керек. Әр суретшінің өзінің қолтаңбасы, айтар ойы бар. Бір адам бозғылт немес күңгірт түстермен, тағы бір адам айғайлаған ашық түстермен туынды жазады. Өнертанушы осылардың барлығын зерттеп, әр суретшінің айырмашылығын, артықшылық-кемшілігін табады. Осал өнертанушы суретті жай сипаттап, сыртқы бетін баяндап қана береді. Олай журналист те жаза алады.
Өткенде бір сыншы Балуан Шолақ пен Ғалияның қайықта кездесіп тұрған суретінен қателік таптым деп жар салды. Оның ойынша о заманда, бұ заман Балуан Шолақ пен Ғалия қайыққа мінбеген, өзенге барып, суға түсіп көрмеген екен. Ол басқасын айтпағанда суретшінің шығармашылық қиялын, көркем образ жаратуын түсіне алмай отыр. Оған салсаң атақты суретші Рафаэльдің «Афины мектебін» де сынайтын секілді. Онда екі ғасырда жасаған Платон мен Аристотель бірге жүреді. Сондықтан кез келген адам өнертанушы бола алмайды.
Сұхбаттасқан Бақытжол Кәкеш