Б.Сапарбаев ақтөбеліктерге сайлауға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сайлауға орай өткен форумға қатысушыларға арнаған сөзінде ақтөбеліктерге саяси шараға белсенді қатысқандары үшін ризашылығын білдірді.

Өңір басшысы Қазақстанның одан әрі табысты дамуы үшін өткен сайлаудың маңыздылығына тоқталып, сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін алғысын жеткізді.

«Қазақстандықтар тағы да елдің тұрақтылығын, бейбітшілігін, дамуын таңдайтындығын, өз мемлекетінің, ұлт көшбасшысының және «Нұр Отан» партиясының саясатын қолдайтындығын паш етті. Нашар ауа райына қарамастан, барлық ақтөбеліктердің арқасында біз сайлауға белсенді қатыстық. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес сайлауға Ақтөбе облысы тұрғындарының 80 пайыздан астамы қатысты. Егерде біз күні кешегі бірлігімізді сақтап, бағалай алатын болсақ, онда барлық қиындықтарды еңсеріп, гүлденген, бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастырамыз, - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының басшысы өңірдің барлық тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, табыс, қуаныш, бақ-береке тіледі.

Форум барысында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын жүзеге асыруға тынбай үлес қосып жүрген еңбеккерлер де сөз сөйледі.

«Партия бұл сайлауда сенімді түрде жеңіске жетті. Өйткені бұл халықтың, еңбек адамдарының партиясы. Біз, өндіріс өнеркәсібі қызметкерлері, өз дауысымызды «Нұр Отанға» бердік. Себебі біздің барлығымыз үшін де тұрақты жұмыс пен әл-ауқат барынша маңызды. «Нұр Отанның» жеңісі - бұл біздің ертеңгі күнге деген сеніміміз», - деді Ақтөбе хром қоспалары зауытының цех бастығы Максим Мозговых.

Ал Ақтөбе облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Айгүл Есерғожина өз таңдауын мемлекеттегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін жасағандығын атап өтті.

«20 наурыз күні мен өз дауысымы «Нұр Отан» партиясына бердім. Менің таңдауым тосыннан емес. 1991 жылы тәуелсіздіктің елең-алаңында мен Тәжікстаннан өзімнің тарихи отаныма қоныс аудардым. Дәл осы Қазақстанда жоғары медициналық білім алып, дәрігер ретінде қалыптастым, - деді А.Есерғожина.