БАӘ-ден шамамен 7 мың ресейлік турист елге қайтарылды

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM — Қақтығыс басталған кезде Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 50 мың ресейлік турист болған. Қазіргі уақытқа дейін олардың 7 мыңға жуығы елге қайтарылды. Бұл туралы Ресей туриндустриясы одағының (РСТ) шығу туризмі жөніндегі комитетінің тең төрағасы Дмитрий Арутюнов мәлімдеді. Бұл жөнінде Kazinform агенттігінің Мәскеудегі тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.

Оның айтуынша, туристердің барлығы бірдей туристік пакетпен барғандар емес. Шамамен 23 мыңы — әуе рейсімен бірге турпакет сатып алғандар. Қалғандарының бір бөлігі сапарды өз бетінше ұйымдастырған туристер болса, енді бір бөлігі тек қонақүй және жерүсті қызметтерін ғана алған.

28 ақпаннан бастап Ресейдің туристік индустриясы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Әсіресе Таяу Шығыс елдерімен айналысатын туроператорларға жүктеме артқан.

Дмитрий Арутюновтың айтуынша, негізгі міндет — қақтығысқа қатысы бар елдердегі ресейліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық туроператорлар жедел желі телефондарын іске қосқан. Сондай-ақ ресейлік нарықпен жұмыс істейтін қабылдаушы компаниялар да жедел байланыс нөмірлерін ашқан.

Оның сөзінше, барлық ресейлік азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қажет болған жағдайда оларды қонақүйлерге орналастыру мәселесі шешімін тауып жатыр.  Егер орналастыру ұсынылмаса, жедел желі арқылы хабарласып, ресейлік туроператор немесе қабылдаушы тарап тұру мәселесін шешіп береді.

Айта кетейік, бұған дейін Еуропа қақтығыстың ушығуына байланысты Таяу Шығыстан азаматтарын эвакуациялайтынын жазған едік.