БАӘ елшісі Сомалиден шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ Сомалидің аймақтық әкімшіліктерімен өзара әрекеттесуіне қатысты келіспеушіліктер салдарынан Могадишо мен Абу-Даби арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: x.com/@SONNALIVE

19 қараша, бейсенбі күні Сомали үкіметі БАӘ елшісінен 72 сағат ішінде елден кетуін талап етті және консультациялар үшін Абу-Дабидегі елшісін шақырып алды. SONNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сомали билігі Әмірліктерді мемлекеттік егемендікті бұзды және елдің ішкі істеріне араласты деп айыптады.

 

Шешім премьер-министр Хамза Абди Барренің төрағалығымен өткен Сомали Министрлер Кеңесінің отырысында қабылданды. Сомалидің ақпарат министрі Абдифатах Қасим Мохамуд БАӘ-нің әрекеттерін елдің егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына ашық шабуыл деп сипаттады.

Бұған дейін Сомали президенті Хасан Шейх Мохамуд Абу-Дабиді федералды үкіметке қарсы жеке аймақ басшыларына қаржылық және саяси қолдау көрсетті деп айыптаған болатын. Атап айтқанда, бұл БАӘ-нің Сомалиленд, Пунтленд және Джубаленд биліктерімен Бербер, Босасо және Кисмаайо порттарын басқаруға қатысты келісімдер жасасқан.

Могадишо мұндай келісімдер тек орталық биліктің келісімімен жасалуы керек деп санайды.

Жауап ретінде БАӘ Сыртқы істер министрлігі Сомали үкіметінің әрекеттерін айыптап, оларды дұшпандық және екіжақты қарым-қатынастарға зиян келтіретін жағдай деп атады.

Министрлік Могадишо ішкі саяси келіспеушіліктерді мемлекетаралық қатынастарға ауыстыруға тырысып жатқанын, бұл екі елдің мүдделеріне кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарында Әмірліктер Сомали билігінің әрекеттеріне, соның ішінде екіжақты келісімдердің күшін жоюына байланысты Могадишодағы елшілігін жауып, дипломатиялық қызметкерлерін шақырып алғанын еске салды. Сол айда Сомали үкіметі БАӘ-мен барлық келісімдердің, соның ішінде порт инфрақұрылымы, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы келісімдердің тоқтатылғанын жариялады.

Елдер арасындағы шиеленіс қазір ғана ушығып отырған жоқ, Сомалидің федералды үкіметі мен айтарлықтай автономияға ие аймақтық әкімшіліктер арасындағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыстар себеп болып отыр.

БАӘ Үнді мұхиты мен Қызыл теңіз арасындағы стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарының бойында орналасқан Сомалидің порт және әскери инфрақұрылымына көптеген жылдар бойы инвестиция салып келеді.

Еске салайық, Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд Біріккен Араб Әмірліктерін (БАӘ) елдің ішкі істеріне өрескел араласты деп бұған дейін де айыптаған еді.