Бағаны қолдан өсірген газ сатушылар мемлекетке 5,5 млрд теңге шығынды өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде сұйытылған газ бағасын қолдан өсіру фактісі тіркелді. Толығырақ ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәметов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын сатуды ұйымдастыру және өткізу тәртібі Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілді. Тексеру барысында көтерме сатушылар жағдайды асыра пайдаланып, газды ең жоғары базалық баға 110%-бен сатқан. Осылайша олардың өзіндік құнның төмендігіне қарамастан, төмен бағамен ұсынылған өтінімдерді елемейтіні анықталды. Аталған факт бойынша әкімшілік және қылмыстық сипаттағы шаралар қабылданды. Мемлекет кірісіне 5,5 млрд теңгеден астам шығын өтелді», - деді Болат Сәмбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, агенттік төрағасының орынбасары сұйытылған мұнай газы нарығындағы 89 субъектіге тексеру жүргізілгенін айтты.

Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 310 млн теңгеге айыппұл салынған.

Бұған дейін агенттік төрағасының орынбасары Болат Сәметов Яндекс.Такси қызметінің бағасына қатысты іс сотта қаралып жатқаны туралы хабарлаған еді.

Сондай-ақ, брифинг барысында «Air Astana» әуе компаниясының үстінен қозғалған іс әкімшілік сотта қаралып жатқаны айтылды.