Отырыс барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ислам әлеміндегі ахуалға, әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды, оның ішінде Палестина-Израиль қақтығысын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Қатысушылар Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге, бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде, А.Исағалиев Қазақстанның халықаралық және өңірлік қақтығыстарды халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысы негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен бейбіт реттеуге бейілділігін растады. Сонымен қатар, көпжақты диалогты нығайту және бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігін назар аударды.
— Қазақстанның Ұйым қызметіне қатысуы тұрғысынан ядролық қаруды таратпау, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, жасанды интеллект, цифрландыру және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын оңалтуды қоса алғанда, экологиялық бастамаларды ілгерілету мәселелеріне ерекше мән берілді, — делінген хабарламада.
Аталған сессияның Қазақстан үшін маңызды нәтижесі Елші Бағдат Әміреевтің Ислам ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының әкімшілік және қаржы мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына сайлануы болды. Бұл шешім ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімінің және оның Ұйым шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындауының дәлелі болып табылады.
ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-ші сессиясының қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, құқықтық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын қарарлар топтамасы қабылданды. Қазақстанның барлық бастамалары тиісті қорытынды құжаттарда көрініс тауып, ИЫҰ СІМК қарарларында бекітілді.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы ұйымының жаңа бас хатшысы тамыз айында тағайындалған болатын.