Бағдат Мусин «фельдшер сөмкесі» жобасына қолдау көрсетуге уәде етті

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин денсаулық сақтау саласының «фельдшер сөмкесі» жобасына қолдау көрсетуге уәде етті. Бұл – шағын емхана қызметін атқара алатын кешен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдат Мусин Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай ауылындағы медицина саласына аса қажетті жаңа жабдықтың жұмысымен танысты.

«Кіші медицина қызметкерлері мобильді диагностика кешенін меңгеріп жатыр. Рюкзактағы құрал 12 параметрлі диагностикаға арналған. Планшеті де бар. Науқастың жай-күйі жайлы ақпаратты онлайн алып, оны білікті дәрігерге жібереміз. Аурудың алдын алу, емдеу, оңалту кезінде де науқасты қашықтан бақылауға мүмкіндік бар. Бір адамды тексексеру 15-30 минутқа созылады», - деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің фельдшері Айнұр Жанұзақова.


Жалпы, Ақтөбеге 138 фельдшер сөмкесі алынады. Әрқайсысының құны – 7,5 млн теңге. Шамамен 1 млрд теңге жұмсалады. Барлығы 285 сөмкеге сұраныс бар. Бірақ, өңірдегі дәрігерлік пунктілердің 47%-ында интернет жоқ. Сондықтан, интернет желісі тартылған соң толық қамту жоспарда бар. Пилоттық жоба қолдау тапса, мейірбикелерді оқытып алу жеткілікті. Оған дәрігерлер қажет емес.


«Науқас келді. Іші ауырып тұр. Соқырішек болуы мүмкін. Мейірбике қан анализін алу үшін аудандық ауруханаға жібереді. Бұл кешен болса, анализ алып, оның қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді. Ал, қалада бір дәрігер бәрін қарап, бақылап отырады, бағыттайды. Мүмкіндігі мол. Тіпті, шағын емхана қызметін бір сөмке ішіндегі құрылғы атқара алады. Емдеу орнына келе алмайтын адамдарға дәрігерлер үйіне барады. Жалпы, бұл – ТМД елдерінде шығарылатын аппарат. Қосымша құралдары шамамен 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кейін бәрін сатып алуға тура келеді. Сондықтан, өндіруші компания Ақтөбеде зауытын салуды жоспарлап отыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Бағдат Мусин мұндай жобаның ел үшін маңызды екенін айтты.

«Цифрландыру министрлігі жобаны қолдайды. Бұл – халыққа керек нәрсе. Халыққа білім, денсаулық керек. Бұл ұсыныс Үкімет басшысына жеткізіледі», - деді Бағдат Мусин.



Соңғы жаңалықтар