Бағлан Іңкәрбек: Осы тарихи сәт үшін қаншама тер төгілді
ЯБУЛИ. KAZINFORM — Біз қаншама қиындықтарға мойымай, осы жеңіске жеттік. Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Бағлан Іңкәрбек марапаттау рәсімінен кейін Kazinform тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында осылай деді.
Бағланның айтуынша, құрама осы тарихи күн үшін көп еңбек еткен.
— Иә, бұл тарихи алтын, тарихи сәт болды. Осы күнге дейін қаншама еңбек, қаншама тер төгілді. Қаншама қиындықтар болса да мойымай, еңбек етуді тоқтатпай осы күнге жеттік деп ойлаймын, — деді ол.
Бапкер осы сәтте көңілі толқып тұрғанын жасыра алмады.
— Айтарым өте көп, алайда қазіргі сәтте қатты толқып тұрмын. Қытай елінде, олардың өз алаңдарында алтын алу өте қиын, — дейді Бағлан.
Айта кетейік, Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Харбин қысқы Азия ойындарында ел қоржынына төрт медаль сыйлады.
Олардың қатарында, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов фристайл-акробатикадан ерлер арасында синхронды секіру сынында 97.92 ұпай жинап, ел қоржынына екінші алтын медаль сыйлады.
Сонымен қатар, қазақстандық қыздар Ардана Маханова және Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан әйелдер арасында синхронды секіру сынында 59.16 ұпай жинап, үшінші орыннан көрінді.
Аралас командалық сында, отандастарымыз 235.39 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Аяна Жолдас қысқы Азиа ойындарының әйелдер арасында фристайл-акробатика сынында үшінші болған еді.