Бахрейн Иранның жаңа дрон шабуылын тойтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Парсы шығанағында АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс шешілмей тұр, осы тұста Бахрейндегі әскери нысандарға тағы бір шабуыл жасалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Fars News

17 қараша, сейсенбі күні Бахрейн қарулы күштері шейх Иса әуе базасындағы АҚШ радар стансасына бағытталған Иран дрондарын қағып түсіргенін хабарлады.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (IRGC) операция туралы мәлімдеме жасап, шабуылдың АҚШ әскери дрондарының Иран әуе кеңістігін бұзуына жауап ретінде жасалғанын атап өтті. 

Сонымен қатар, АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) шабуылды растап, Иран ұшырған барлық дрондар сәтті қағып түсірілгенін мәлімдеді.

 

Бұған дейін Бахрейннің Ішкі істер министрлігі ықтимал қауіп туралы шұғыл ескерту жасап, патшалық азаматтары мен тұрғындарын жақын маңдағы қауіпсіз жерлерден баспана іздеуге шақырған болатын. Артынша астана Манамада жарылыс дыбыстары естілді.

Кейінірек билік тікелей қауіптің сейілгенін хабарлады, бірақ сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертті.

Бұл оқиға ИРСК соңғы күндері хабарлаған бірқатар шабуылдардың бірі. 13 қарашада Иран АҚШ-тың Бахрейндегі ерте ескертуге арналған радар стансасының жойылғанын, 
ал 15 қарашада Рифах маңындағы радар кешеніне алты дронның соғылғанын туралы хабарлады. АҚШ әскери күштері бұған дейін өз нысандарына келтірілген залалды жоққа шығарған еді.

Айта кетейік, Бахрейн — АҚШ-тың Парсы шығанағындағы негізгі әскери серіктестерінің бірі. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотының штаб-пәтері осы патшалықта орналасқан.