BaiQymyz-2026: Елорда тұрғындары 60-тан аса қымыздың дәмін тата алады

АСТАНА. KAZINFORM — «BaiQymyz-2026» фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімін ұсынады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті және қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттайтын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді.

Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының (Якутия) өкілдері қатысады. Келушілер ұлттық сусынның сан түрінен дәм татып, оны әзірлеу барысымен таныса алады.

Фото: Астана әкімдігі

— Фестивальдің басты оқиғасы — халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер ең үздік атану үшін бақ сынайды. Сондай-ақ қонақтарға арнап аспаздық шоулар, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», ат үстіндегі квиддич және басқа да ұлттық ойындар әзірленді. Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді, — дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, фестиваль билеттерін ресми сайттар арқылы сатып алуға болады. Келушілерге бір күнге немесе екі күнге арналған билеттер ұсынылған. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.

Осыған дейін фестивальде үздік ұлттық образ иесіне ат мінгізетіні хабарланды.