Сот Бақытжан Байжановқа «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолдану жөнінде қаулы шығарып, соның негізінде ол бостандыққа шықты.
Сонымен қатар сот оған алты жыл мерзімге пробациялық бақылау мен әкімшілік қадағалау белгіледі.
Байжановтың қорғаушысы Ғазиз Ынтықбаевтың айтуынша, Степногор қалалық соты бүгін түске дейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің ұсынысын қарап, амнистияны қолдану туралы қаулы шығарған.
– Сот Байжановқа амнистия қолдану туралы шешім қабылдап, оны дереу босату қажет деп шешкен. Соттың қаулысы Степногордағы №4 мекемеге түскен бойда Байжанов бірден босатылуы тиіс. Біз оның бүгін түстен кейін шығады күтіп отырмыз, – деді қорғаушы.
Бұған дейін де сот Байжановтың жаза мерзімін Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистия туралы заңға сәйкес қысқартқан болатын. Сол кезде оның өтелмеген жаза мерзімі үштен бірге қысқартылып, түпкілікті өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленген еді. Соның нәтижесінде ол 2027 жылдың шілдесінде емес, 2026 жылдың қарашасында бостандыққа шығуы тиіс болған.
Еске салайық, 2024 жылғы 13 мамырда Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы азаптап, аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін төрт жылға сотталған болатын.
Бұған дейін Бақытжан Байжановтың рақымшылыққа өтініш бергені жайлы жаздық.