Баку мен Ереван бейбіт келісім мәтіні бойынша келіссөзді аяқтады
АСТАНА.KAZINFORM — Келісімнің мәтіні дайын, Армения келісімнің соңғы екі келісілмеген тармағы бойынша Әзербайжан ұсынысын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
— Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім мәтіні бойынша келіссөздер процесі аяқталды. Армения келісімнің қалған екі тармағын қабылдағаны туралы бізге хабарлады. Келісім мәтініне қатысты жұмыс толық аяқталды, – деп мәлімдеді Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов баспасөзге берген мәлімдемесінде.
Байрамов Баку Ереванның Конституцияны өзгертуін күтіп отырғанын еске салды.
— Келесі қадам ретінде Әзербайжан тарапы Армения Конституциясында және басқа да нормативтік-құқықтық актілерінде Әзербайжанның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қатысты талаптарды Конституциялық түзетулер енгізу арқылы жоюды күтеді, — деп атап өтті Әзербайжан Сыртқы істер министрі.
Армения Сыртқы істер министрлігі тараптардың келіссөздерді аяқтап, бейбіт келісім жобасын мақұлдағанын растады.
— Бейбіт келісімге қол қоюға дайын. Армения Республикасы келісімге қол қою мерзімі мен орны бойынша Әзербайжан Республикасымен консультацияларды бастауға әзір, — делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
Бұған дейін бейбіт келісім жобасы мәтіні бойынша айтарлықтай прогресс жасалғаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ, Ереван мен Баку бейбіт келісімнің 17 бабының 15-і бойынша келісімге келгені атап өтілді. Әлі келіспеген екі бап – халықаралық сот инстанцияларында бір-біріне талап қоюдан бас тарту және шекараға үшінші күштерді орналастыруға жол бермеу туралы ережелер.