Ереван мен Баку бітімгершілік келісім жобасының 17 бабының 15-і бойынша келісті
АСТАНА.KAZINFORM - Армения Әзербайжанмен қарым-қатынасты толық қалыпқа келтіруге бағытталған келіссөздерге қатысуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің 31-ші отырысында сөз сөйлеген Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдағы екіжақты келіссөздер Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны делимитациялау және мемлекетаралық шекараның 12 шақырымдық учаскесін анықтау туралы ережеге қол қоюға әкелді.
- Біз екі ел арасында Бейбітшілік келісіміне қол қою жолында біршама жетістікке қол жеткіздік. Келісім жобасының 17 бабының Преамбуласы мен 15-ін келістік. Ал егер саяси ерік жеткілікті болса, оны тез арада жасап, қол қоюға болады, - деген Арарат Мирзоян Арменияның келісімге қол қоюға дайын екенін атап өтті.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Армения премьер-министрі Никол Пашинян тараптар бейбіт келісімнің 17 бабының 13-і бойынша келісімге келгенін мәлімдеген.
Қыркүйек айында Армения Министрлер кабинетінің басшысы Әзербайжанды 16 баптан тұратын бітімгершілік келісімге қол қоюға шақырып, тараптар бітімгершілік шарттың 13 және ішінара тағы 3 бабы бойынша толық келіскенін атап өтті.
Кейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айхан Хаджизаде жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Армения ұсынған тәсіл – қазіргі кезде келісілген ережелерге ғана негізделген бейбіт келісімге қол қою Баку үшін қолайсыз екенін мәлімдеді.
13 қарашада Армения Ұлттық ассамблеясында сөйлеген сөзінде Никол Пашинян Ереван Бакуге бейбіт келісімнің келісілмеген екі бабы бойынша өз ұсыныстарын жібергенін айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев француздық Le Figaro газетіндегі пікірінде Қазақстан Әзербайжан мен Арменияның қарым-қатынасындағы жаңа ұмтылысты толық қолдайтынын жазды.