Спорт комитеті мәліметінше, әлем чемпионатына 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы қатысып, екі күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер арасында барлығы 16 салмақ дәрежесі бойынша жүлдегерлер анықталады.
Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 кг, ал әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және 77 кг салмақ дәрежелерінде белдеседі. Жарыс бағдарламасына сәйкес, әр күні іріктеу және жартылай финалдық белдесулер, финалдық кездесулер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Чемпионатты United World Wrestling халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзербайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырады.
Қазақстан құрамасының сапына ел чемпионаттарында, сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтаған үздік балуандар енді. Ұлттық құрама Бакудегі әлем чемпионатында ел намысын қорғап, жүлделі орындар үшін бақ сынайды.
Қазақ күресі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі спорт түрлерінің бірі. Бүгінде ұлттық күрес Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де қарқынды дамып келеді. Қазақ күресінің шетелдегі географиясы 40-тан астам мемлекетті қамтиды.
Қазір қазақ күресінен халықаралық жарыстардың тұрақты жүйесі қалыптасқан. Осы уақытқа дейін 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты және 2 Африка чемпионаты өткізілді. Аталған жарыстар Қазақстанмен қатар Иран, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылды.
Бакуде өтетін XII әлем чемпионаты қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі дамытуға, ұлттық спорттың беделін арттыруға және әлем елдері арасындағы спорттық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Бекасыл Асамбек еркін күрестен U20 әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.