Жиынға Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Азер Аллахвердиянов, жетекші сараптамалық орталықтардың өкілдері, саясаттанушылар, сарапшылар мен дипломаттар қатысты.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел әзербайжандық сарапшыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол инфрақұрылымды жаңғырту, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру, елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және экономиканы жедел цифрландыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігін алғашқылардың бірі болып құрғанын айтып, еліміздің IT саласындағы жетістіктеріне назар аударды.
Дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қазанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VII саммитіне қатысу үшін Бакуге жасаған сапарының қорытындыларын да атап өтті.
Сапар аясында Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Әзербайжанның ұйымға төрағалық ету мерзімін ұзарту және Бас хатшы қызметіне осы елдің өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды. Фархад Мамедов бұл шешімді Әзербайжан дипломатиясының Азиядағы белсенділігін арттыруға серпін берген қадам ретінде бағалады.
Елші екі ел арасындағы бірлескен ауқымды жобалардың маңызына назар аударып, Президенттің Бакуге сапары кезінде талшықты-оптикалық байланыс желісі ашылғанын айтты. Бұл — Транскаспий бағыты бойынша жүзеге асқан алғашқы инфрақұрылымдық жоба. Әлім Байелдің пікірінше, алдағы уақытта осы бастаманың жалғасы ретінде басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады.
Бұдан бөлек Бакуде екі елдің мемлекет басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағдары туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Аталған келісім көлік дәлізінің мәртебесін арттыра түседі.
Сарапшылар да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына жоғары баға берді. Олардың айтуынша, екіжақты саяси диалогтың қарқынды дамуы ынтымақтастықтың барлық бағытын жандандырып, энергетика мен көлік салаларындағы ортақ стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін беріп отыр.
Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Азер Аллахвердиянов екі елдің үкіметтік емес ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды. Бұл бастаманы парламентаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асыруға ниетті екенін де айтты. Ал BIZ CLUB зияткерлік платформасының негізін қалаушы Мурад Сададдинов Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің даму деңгейін жоғары бағалады.
— Қазақстан халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашып, білім беру саласындағы әлеуетін айтарлықтай күшейтіп келеді. Мұның нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген әзербайжандық студенттердің саны бірнеше есе өсті, — деді сарапшы.
CASPIA талдау орталығының директоры Орхан Йолчуев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетудің маңызын атап өтті. Ал «Нақты балама» партиясының төрағасы Натиг Джафарли IT және жасанды интеллект салаларын дамытудың өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар белгілі экономист дәстүрлі экономика салаларындағы байланысты кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, соның ішінде мұнай өнімдерін бірлесіп өндіруге назар аударды.
Жиын барысында энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, ғылыми-сараптамалық байланыс, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас мәселелері бойынша сарапшылардың пікірлері тыңдалды.
Талқылау барысында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы артып келе жатқанын атап, оның болашағы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ сарапшылар Әзербайжанның Орталық Азиядағы ынтымақтастық форматына қатысуына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғыс айтты.
Бұған дейін өзбекстандық саясаттанушы Жолдаудың Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындайтынын айтқан еді.