Бакуде «Түркі әлемінің диалогы: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» форумы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, 15 қыркүйекте Әзербайжан астанасы Бакуде «Түркі әлемінің диалогы: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік пікірталас өтеді. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Фото: Анадолу агенттігі

Түркия Президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасы хабарлағандай, іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және бақылаушы елдерде өтіп жатқан осы аттас панельдік пікірталастар сериясы аясында ұйымдастырылады. Бұл кездесулер 29–30 қазанда Анкарада өтетін ТМҰ мемлекет басшыларының 13-саммитіне орай өткізіліп отыр.

Пікірталастар сериясының алғашқы отырысы Астанада өткен. Екінші кездесу 15 қыркүйекте Бакуде ұйымдастырылады.

Панельдік пікірталасты Түркия Президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Мехмет Юдже жүргізеді. Түркия Президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасы басшысы Бурханеттин Дуран жиынға бейнебайланыс арқылы қатысады.

Талқылауға Түркия Президентінің бас кеңесшісі әрі Қауіпсіздік және сыртқы саясат кеңесінің мүшесі Сейит Сертчелик, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Фариз Исмаилзаде, Түркия Ұлтшыл қозғалыс партиясы (MHP) төрағасының бас кеңесшісі Эсма Өздашлы, Халықаралық қатынастарды талдау орталығының директоры Фарид Шафиев және Кавказ халықаралық қатынастар және стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Назим Джаферов қатысады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымының өңірлік және жаһандық деңгейдегі танымалдығын арттыру, түркі әлемінің ортақ көзқарасын кең аудиторияға жеткізу, сондай-ақ елдер арасындағы академиялық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік ынтымақтастықты нығайту.

Пікірталас барысында білім беру, экономика, көлік, энергетика, ғылым және технология, қорғаныс өнеркәсібі, БАҚ және мәдениет салаларындағы қазіргі ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары талқыланады. Сонымен қатар болашақтағы бірлескен жобалар мен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері қарастырылады.

Кездесуде қазан айында Анкарада өтетін ТМҰ мемлекет басшыларының 13-саммитіне қатысты күтілімдер де сөз болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ТМҰ саммиті қарсаңында Астанада түркі әлемінің ортақ болашағы талқыланды.

Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) кеңістігі үшін елдер арасындағы саяхатты жеңілдету және мәдени ынтымақтастықты жандандыру үшін жаңа бастамалар әзірленіп жатқаны хабарланды.