Жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан осал топқа көмектесу, көпбалалы аналарға жәрдем жайы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды. Қазіргі кезде өңірде 19 мыңға жуық көпбалалы отбасы мемлекеттік балалар жәрдемақысын алып отыр. Бұл отбасы табысына қарамастан берілетін жәрдемақы. Биыл төрт айда 4805 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама да үлестірілді.
«Жұмыспен қамту органдары арқылы биыл 53 мың жұмыссыз адамды еңбекке араластыру жоспарланып отыр. Оның 13 мыңы жұмысқа араласты. Яғни, 532 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 599 адам қамтылады. Айтып өтейік, мемлекеттік грант алу үшін атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы оқып, уақыт жоғалтпаса болады. Олар бірден өтініш бере алады. Бүгінде 200 АЕК мөлшеріндегі грант 1182 адамға берілмек. Оның 210-ы алды», - деді Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарова. Шағын несие беру тетігі де қарастырылған. Оны 74 отбасы алды.
«Аз қамтылған отбасы тұрғын үй көмегін алуға құқылы. Егер кіріс коммуналдық төлемді өтеуге жетпесе, мемлекет өтейді. Облыс бойынша 482 отбасына 6,1 миллион теңге берілді. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 35 отбасына 30 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Бұл пәтердің алғашқы жарнасы болып есептеледі», - деді Ақсұлу Жұбаназарова.