Миллиардтаған қытайлықтардың таңдайын қақтырған жерлесіміздің Қытай Халық Республикасының орталық «Hunan TV» телеарнасы ұйымдастырған «I am singer» байқауының бірінші кезеңінде топ жарып, үздік көрінгенін бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Үш айға созылатын байқау 14 кезеңнен тұрады. Алдын ала іріктеуден өтіп, байқаудың бірінші кезеңіне 8 әнші қатысыпты. Оның ең жасы - біздің Димаш.
Ал енді ғаламторды шулатқан Димаштың бала кезде қандай болғандығы туралы анасы Светлана Айтбаевадан аз-кем сұраған едік, деп жазады aktobegazeti.kz.
- Димаштың есімі аянмен қойылды. Оның қысқаша тарихы былай: атамыздың студенттік кезінен бері сыйластығы үзілмеген Бақтығали Сандыбаев деген досы болды. Соның тоқсаннан асқан әжесі сол кезде түс көргенін, түсінде дүниеге келетін баланың есімін Мұхаммед қойыңдар деп аян берілгенін айтты. Содан ата-енем бар, жолдасым Қанат бар, Пайғамбар есіміне тіліміз тиіп кетіп жүрер деген оймен, әрі әженің де көңілін қалдырмай, сәл өзгертіп, баланың есімін «Дінмұхаммед» деп қойды. Содан бері Дінмұхаммед деген аты құжатта ғана жазылады, ал үйде, қазір тіпті сахнада да Димаш боп айтылып жүр. Бұлай еркелету көрнекті қайраткер Дінмұхаммед Қонаевтан басталған үрдіс қой. Біз де содан аспадық. Қазақстандағы барлық Дінмұхаммедтер - Димаштар ғой. Ол - жазылмаған заң, - дейді Димаштың анасы.