Президент республикалық Тамыз конференциясында өскелең ұрпақты табиғатқа қамқор болуға тәрбиелеу қажеттігін атап өтті.
– Мен бұған дейін мектептер мен жоғары оқу орындарына экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігін айттым. Үкімет бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейте түсу тапсырылды.
– Қазір бұл бағдарлама, негізінен, орта білім саласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Ұрпақ тәрбиесі – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды міндет. Дегенмен осы мәселеге келгенде барлық жауапкершілікті тек мектептерге артып қою дұрыс емес. Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болуға тиіс. Жастарымыз Конституцияны жақсы білуі қажет. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған әрі озық болатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент 7 мың бала қант диабетіне шалдыққанын айтып, фаст-фуд жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырған еді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.