Балабақша ваучерін уақытында растамағандар кезектен айырылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада балабақшадағы бос орындар алдымен күту тізімінде тұрған балаларға беріледі. Ал ваучерді белгіленген мерзімде растамаған ата-аналар кезектен шығып, белгілі бір уақытқа дейін жаңа ваучер ала алмайды.

Фото: Астана әкімдігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева айтты.

Оның айтуынша, қолданыстағы тәртіпке сай, балабақшада бос орын пайда болған кезде жүйе кезекте бірінші тұрған ата-анаға автоматты түрде хабарлама жібереді.

— Егер ата-ана бір күн ішінде жауап бермесе, оның өтініші күту тізімінен алынып, хабарлама келесі кезектегі өтініш иесіне жолданады. Өтініш белсенді болса, барлық хабарлама ED24.kz мобильді қосымшасына және «INDIGO — электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке түседі, — деді Маржангүл Қайырбаева.

Спикердің сөзінше, ваучер де ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде беріледі.

— Ваучер кезекте бірінші тұрған өтініш иесіне ұсынылады. Хабарлама алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ваучерді пайдалануға келісім беру немесе одан бас тарту қажет. Егер ата-ана бас тартса, кезегі жойылады. Ал белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш белсенді емес күйге ауысып, 28 күн бойы ваучер алу үдерісіне қатыстырылмайды, — деді ол.

Ол ваучерлер толықтай ақпараттық жүйе арқылы берілетінін атап өтті.

— Білім басқармасы да, мектепке дейінгі ұйымдар да ваучер беру кезегіне ықпал ете алмайды. Сондықтан ата-аналар кезек тәртібін сақтап, жүйеден келетін хабарламаларды уақытында бақылап отырғаны жөн, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетейік, Астанада 2026–2027 оқу жылына балабақшаға жолдама беру 1 шілдеден басталады.