Балалар әдебиетін дамыту ұлттық стратегиясы қабылдана ма – Бектенов жауабы

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының балалар әдебиетін дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылдау ұсынысына жауап берді.

- Мемлекет тарапынан балалар әдебиетін дамыту бойынша жүйелі түрде қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда балаларға арналған көркем және танымдық әдебиеттердің қолжетімділігін арттыру, оқу сауаттылығын дамыту, сондай-ақ кітапханалық қорларды жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Балалар кітапханасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама өскелең ұрпақтың оқуға және білім алуға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған. Оның аясында түрлі тәрбиелік және ағартушылық іс-шаралар (әдеби кештер, кітап жәрмеңкелері, кітап кейіпкерлерінің байқаулары, «Кітаптар айналымы» акциясы және «Шын жүректен кітап сыйла!» челленджі) жүзеге асырылады, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, барлық білім беру ұйымына «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бұдан басқа 2024-2025 оқу жылында («Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Smart бала», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» сынды 6 негізгі жоба іске асырылды.

- Бұл ретте балалар әдебиетін дамытуға арналған біртұтас ұлттық стратегиясын қабылдау қосымша институционалдық және қаржылық ресурстарды қажет етеді. Осы бағыттағы іс-шаралар жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында жалғастырылады, - деді ол.

Бұған дейін елімізде балалар әдебиеті қалай дамып келе жатқанын жазған едік.