Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2 сәуір — Халықаралық балалар кітабы күні. Бұл айтулы күн 1956 жылдан бастап, жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерстеннің туған күніне орайластырылған. Қазір «Балалар кітап оқымайды», «Балаларға арналған кітап жоқ» деген пікір жиі айтылады. Дегенмен кейінгі жылдары елімізде балалар әдебиетін дамыту ісі қолға алынды. Айтулы күнге орай, Jibek Joly тілшілері сала сарапшыларының пікірін сұрап көрді.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Хәрри Поттерді» қазақшаға аудару неліктен маңызды

Танымал «Хәрри Поттер» туындысын қазақша сөйлеткен баспагер, Steppe& World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр балалардың кітап оқуы Қазақстанда ғана емес, тұтас әлемде күрт азайғанын айтуда. Өйткені кітап пен цифрлық дәуір бір-бірімен таласып келеді. Ата-ана да, бала да бос уақытын әлеуметтік желіде өткізетін болды.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Видеодан алынған скрин

− Дегенмен кітаптың құндылығын білетін, саналы ата-аналар да бар. Олар кітап оқып өскен баланың келешекте қандай жетістікке жететінін біледі. Сондықтан, жоспар құрып, баласына кітап оқытады. Мұндай ата-аналар көбейіп келеді және бәрі отбасылық тәрбиеге байланысты. Біздің баспаның ашылғанына 7 жыл болды, бұл істі декретте отырғанда бастадым. Өйткені әрбір ана баласына тек жақсылық тілейді, сәбиінің білімді болғанын, өз мақсатына жететін мықты азамат болғанын қалайды. Сондықтан менің ғана емес, бүкіл қазақ баласы қазақша сапалы кітап оқысын деген ниет болды, − дейді Р. Қадыр «Bugin Live» бағдарламасына берген сұхбатында.

Баспагер қазақ тіліне аударатын шығарманы таңдауда оның сюжетіне, кейіпкерлеріне, қандай эмоция тудыратынына мән берілетінін атап өтті.

− Біз шетелдік әдебиетің маржанын теріп әкелеміз, сондықтан шығарманың әлемге танылуы да маңызды. Өйткені біздің балалар бұл кітапты оқыған соң, әлемнің қай еліне барса да, шетелдіктермен ортақ тақырыбы, ортақ әзілі, ортақ цитатасы болады. «Сен Хәрри Поттерді оқыдың ба?» деп, тез тіл табысуына көмектеседі. Біз баспа ретінде тек кәсіби аудармашылармен, кәсіби редакторлармен жұмыс істейміз. Бір кітапты шығау үшін тұтас команда жұмыс істейді. Аудармашы кітаптың түпнұсқа тілін — ағылшын, неміс, француз, итальян тілін жетік білуі керек және қазақ тілін бәрінен де жақсырақ меңгерген болуы керек. Яғни ағылшынша жазылған әзілді қазақшаға тікелей дөп түсетіндей аударуы керек, − дейді Р. Қадыр.

Қазақстанда баспа үйлері көбейді

Қазақ әдебиетіндегі танымал балалар туындысы кеңестік кезеңде өте көп жарық көрді. Қазір де жаңа кітаптар бар. Мәселен, Зира Наурызбаева пен Лиля Калаус жазған «Бату мен достарының шытырман оқиғалары» жарыққа шықты. Бірақ олардың саны өте аз.

− Себебі еліміз Тәуелсіздік алған соң нарықтық экономикаға көшті. Оған дейін баспа ісі мемлекеттің қарауында болды. Сол жылдары халықтың тұрмысы нашарлап, полиграфиялар жабылды немесе кәсібін сақтап қалу үшін бірыңғай оқулық шығаруға көшті. Ал креативті шығармашылықты қолдау үшін белсенді азаматтар көптеп шығуы керек. Соңғы 5 жылда Қазақстанда баспалар көбейді. «Foliant», «Мазмұндама», «Қасым», «Amal Books», «Tentek Publishing House» секілді баспа үйлері енді-енді тәжірибе жинақтап келеді. Кітап индустриясы — өте ауыр бизнес, онда авторлық құқықты сатып аласыз, мәтінді аударасыз, редакциялайсыз, беттейсіз, басуға жібересіз. Техникалық процес біткен соң, дайын кітапты жарнамалап, сату қажет болады. Елімізде кітап сату мәдениеті енді басталып келеді. Бұған дейін кітап шығарумен айналыстық, келесі кезең — кітапты жарнамалау, кітапты сөрелерге дұрыс орналастыру, кітап дүкендерімен тығыз жұмыс істеу болады, − деді Р. Қадыр.

Заманауи балаға заманауи шығармалар керек

Балаларға арналған бірнеше туындының авторы Баянғали Әлімжанов қазіргі заманға дайық балалар шығармасын ұсынуымыз керек дейді.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Видеодан алынған скрин

− Бізде балалар әдебиеті бар, ол өсіп-өркендеп келеді, ал осы заманның балаларына қалай оқытамыз — бұл үлкен мәселе. Демек, оларға арналған шығарманы бұрынғы дәстүрмен сабақтастыра отырып, жаңаша жазуымыз керек шығар деген ойлап келеді. Бізде балабақшадан бастап, бастауыш сынып балаларына жақсы шығармаларымыз бар, ал мектептің 7-11 сыныптарына, жасөспірімдерге арналған шығарма жоқтың қасы. Ал балалар кітаптан өздерін іздейді. Сонда ғана кітапқа бет бұруы мүмкін, — дейді ол.

Ал астаналық жас қаламгер Айғаным Сәлкен 12 жасында «Динозавр келісімі» кітабын ағылшын тілінде жазып бастаған және оны жақында жарыққа шығарды.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Видеодан алынған скрин

− Мен бұл кітапты 5-сыныпта әңгіме ретінде жаза бастадым. Сол кездегі мектеп газетіне 4 бөлімін жарияладым. Кейінірек 11-сыныпта осы істі қолға алып, кітап ретінде шығардым. 100 беттік кітап ғылыми фантастика жанрында жазылған. Онда басты кейіпкер Әлияға жұмыртқаны жарып шыққан динозавр кез болады. Маған кітап оқу қатты ұнайды, сондықтан кітап жазу қиынға соқпады. Бірақ мен әдебиетті ағылшын тілінде оқимын, себебі Біріккен Араб Әмірліктерінде 5 жыл тұрып, Қазақстанға оралдық. Қазақстанда ағылшынша кітаптар аса сұраныста емес, сондықтан кітабым қазақ және орыс тілдеріне аударылады, − дейді жас қаламгер.

Айғанымның анасы Мөлдір Қайыңбаева негізгі мамандығы қаржыгер болғанына қарамастан, аудармаға бет бұрып, «Хәрри Поттер» шығармасын қазақ тіліне аудара бастаған.

− Осы кітапты менің балаларым қазақша оқыса екен деген арманым болды. Бірақ қазақша аудармасын таппай, алғашқы «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» кітабын қазақша аударып көрдім. Бұл процестен өзім ләззат алдым. Бірақ кітап шығару ісі қиын екен. Әдеби агенттіктерге хабарласып сөйлестім, Джоан Роулингтің командасы жеке тұлғалармен емес, тек үлкен баспалармен жұмыс істейтінін айтты. Өзге баспалар аса қызығушылық танытпады. Осылайша, 2019 жылы Раиса Қадырдың танымал шығарманы қазақшаға аударатынын естіп, бірден хабарластым. Оған аудармам ұнады, бірақ Хәрри Поттер кітабына аудармашылар бекітіліп қойғандықтан, маған Ракель Паласионың «Ғажайып» түпнұсқадан аударуды ұсынды. Одан кейін «Нарния шежіресінің» бірінші кітабын аудардым, − дейді М. Қайыңбаева.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Видеодан алынған скрин

Баланы кітап оқуға ынталандыру керек

Сарапшылар Қазақстанда кітап оқу мәдениеті дамымағанын мойындайды. Әлемнің бірнеше елінде балаларды кітап ынталандыратын шаралар жолға қойылған.

− Мәселен, Араб әмірліктерінде оқу жылының басында кітап оқудан жарыс жариялайды, жақсы ынталандырады. Осылайша, балалар жылына 40-50 кітап оқып тауысады. Мектептерде кітап жәрмеңкелері жиі өтеді. Ата-ана кітап алуға арналған ақшаны конвертке салып береді. Бала өзі ұнатқан кітапты таңдайды, сатып алады. Өзі таңдап сатып алған кітабын әлбетте оқиды. Бұл тәжірибені біздің мектептерге енгізу керек. Бұл жастайынан кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі, − дейді Мөлдір Қайыңбаева.

Қазақстанда балалар әдебиеті қалай дамып келеді
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазіргі уақытта Қазақстанда 273 балалар кітапханасы бар. Оларға жылына орта есеппен 1,5 миллион жас оқырман келеді екен. Жақында ғана Ақмола облысының Қосшы қаласында Қазақастанда баламасы жоқ жаңа комьюнити-орталық ашылды. Мұндай қоғамдық, мәдени, спорт орталықтары әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған.

Елорда іргесінде бой көтерген қоғамдық, мәдени, спорт кешенінің жалпы құны — 9,6 млрд теңге. Бұл кешенде барлық жастағы келушілер үшін барлық жағдай жасалған — волейбол, футбол, теннис алаңдары және кітапхана мен кинозал салынған. Мұндағы кітап қоры 20 мың дана, оның 6 мыңға жуық кітабы балаларға арналған.

− Балалар кітапхана жиі келеді. Біз жыл сайын 25 мың оқырманға қызмет көрсетсек, оның 10 мыңға жуығы — мектеп жасындағы балалар. Соңғы уақытта Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары үлкен сұраныста. «Хәрри Поттердің» қазақша және орысша аудармалары және комкстар үнемі сұранысқа ие, − дейді Қосшы қаласының орталық кітапхана басшысы Сымбат Қуандықова.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2021 жыл — балалар әдебиеті жылы деп аталды. Балалар әдебиеті жылы аясында мемлекеттік тапсырыспен 40 кітап жарық көрді.

Бұған дейін балаларға арналған қазақша үздік 10 кітаптың тізімі жарияланған еді. 

Соңғы жаңалықтар