Балалар демалысы – 2026: Лагерьлер нарығы қалай сүзгіден өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстанда 3,2 миллионнан астам баланы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Бұл – рекордтық көрсеткіш, алайда саннан сапа маңызды. Оқу-ағарту министрлігі мен санитарлық қызмет мамандары биыл бақылауды барынша күшейтті. Әсіресе келер жылдан бастап енгізілетін лицензиялау жүйесі мен биылғы Санитарлық эпидемиялық бақылау қызметінің (СЭБ) қатаң талаптары лагерьлер нарығын толықтай сүзгіден өткізеді.

Коллаж: Kazinform/ Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған

Лицензиялау: 2026 жылдан бастап не өзгереді?

Бұған дейін балалар лагерьлерінің қызметін лицензиялау талап етілмеген еді. Алайда 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл салаға қатаң мемлекеттік бақылау енгізілді.

Жаңа ережеге сәйкес, лицензия 5 жыл мерзімге беріледі. Оқу-ағарту министрлігі бұл қадам нарықтағы сапасыз және жасырын жұмыс істейтін нысандарды толықтай аластайтынына сенімді.

– Лицензиялауды енгізу арқылы біз балалар сауықтыру орталықтарының қызмет көрсету сапасын арттырамыз. Оны алу үшін лагерьлер инфрақұрылымдық, кадрлық және медициналық талаптарға толық сай болуға тиіс, - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Фото: freepik.com

Лицензия алу үшін қойылатын басты талаптар:

  • Жеке ғимараттың болуы немесе кемінде 10 жылға жалға алу келісімшарты;
  • Бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі және кәсіби күзет қызметінің болуы;
  • Лагерь базасында лицензиясы бар медициналық пункттің жұмыс істеуі;
  • Педагогтер мен басшы құрамның біліктілігіне қойылатын арнайы талап;
  • Балаларды тасымалдауға арналған меншікті автокөліктің болуы.

Бұл талаптардың сақталуы лицензия беру кезінде ғана емес, жұмыс барысында да қатаң қадағаланады. Лицензиясыз қызмет көрсеткен немесе талаптарды бұзған лагерьлерге мол сомада айыппұл салынып, қызметі тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар барлық дерек Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) енгізіліп, цифрлық бақылау орнатылады.

Заңнамаға сәйкес, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425-бабында айыппұл қарастырылған.

– Егер заң бұзушылық болып, бірақ адам денсаулығына тікелей зиян келмесе жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұл 160 АЕК-ті құрайды. Орта кәсіпкерлік өкілдері үшін бұл сома 210 АЕК болса, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1 600 АЕК-ке дейін жетеді. Егер заң бұзушылық адам денсаулығына зиян келтірсе, жаза айтарлықтай қатаяды. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 200 АЕК-ке дейін өседі. Лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес субъектілеріне 460 АЕК, орта бизнеске 620 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар қосымша шара ретінде өнімдерді тәркілеу немесе мекеменің қызметін тоқтата тұру жазасы қолданылуы мүмкін, - деп ескертеді СЭБ мамандары.

СЭБ талабы – темірдей тәртіп

Астана қалалық және республикалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері биылғы маусымға қойылатын талаптарды бекітті. Олардың орындалуы жарты жылда бір рет тексеріліп тұрады.

Фото: freepik.com

– Балалар күніне кемінде 5 рет тамақтануға тиіс. Ас мәзіріне міндетті түрде қымыз немесе қышқыл сүт өнімдері енеді. Флотша макарон сияқты тез бұзылатын тағамдарға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ әр балаға кемінде 4 шаршы метр орын тиесілі болуы керек. Ал персонал арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, ол күн сайын ауыстырылуы қажет. Қолында іріңді жарасы немесе күйігі бар қызметкер болса, жұмысқа жіберілмейді, - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Цифрлар сөйлейді: 2026 жылғы жоспар

2026 жылы республика бойынша жазғы демалыспен қамту көрсеткіші – 3,2 миллион бала. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары аясында осал санаттағы 500 мың бала мемлекет қамқорлығына алынса, тағы 50 мың жеткіншекке «Қазақстан халқына» қоры тегін жолдама береді. 

Инфрақұрылымдық даму тұрғысынан алғанда, биыл ел аумағында 10 000 мектеп жанындағы лагерь мен 512 шатырлы қалашық толыққанды жұмыс істейді. Бұған қоса бекітілген Жол картасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 50 жаңа сауықтыру орталығы пайдалануға берілмек.

Бүгінгі таңда нарықтағы жолдамалардың орташа құны – 150 000-220 000 теңге аралығында.

Ата-аналарға кеңес: Балаңыздың демалысы қауіпсіз болсын десеңіз

Өткен жылы рұқсат қағазынсыз жұмыс істеген бірнеше лагерь анықталып, сотқа берілуі бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан мамандар ата-аналарға балаларын тек ресми рұқсат қағазы бар, Комитет сайтындағы сенімді тізімге енген лагерьлерге ғана жіберуге кеңес береді. 

Баланы демалысқа аттандырар алдында оған жеке бас гигиенасын сақтауды, өзгелердің затын пайдаланбауды түсіндіріп, денсаулығын дәрігерге көрсетіп алған абзал. Сөмкеге ауа райына сай жылы киімдер мен ыңғайлы аяқ киім салып, жол азығына тез бұзылатын ет, балық немесе тәтті кондитерлік өнімдерді қоспау қажет. 

Айта кетейік, бұған дейін балалар лагерьлерін лицензиялауды 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажеттігі мәселесін депутат Нұргүл Тау көтерген болатын.