Балалар өз мәселесін жасырмай айтқанда ғана буллинг азаяды – психолог

Фото: Айдана Мұқтарованың жеке архивінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазіргі таңда балалар арасындағы буллинг мәселесінің жұртшылықты алаңдатып отырғаны аян. Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО әдістемелік психологиялық қолдау орталығының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі Айдана Мұқтароваға бірнеше сауал қойған еді.

- Айдана Сайлаубекқызы, жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу үшін не істеу керек, алдымен осыған тоқталсаңыз?

- Буллингтің алдын алу – тек білім беру ұйымының емес, ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Бұл мәселеде бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Ең алдымен балаларға кішкентай кезінен бастап эмпатия, сыйластық, шекара ұғымдарын үйрету қажет. Мектептерде психологтардың тұрақты, белсенді жұмысы арқылы психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру, сенім жәшіктері, сауалнамалар арқылы үнемі зерттеу жүргізу тиімді. Сонымен қатар балалар өз мәселесін қорықпай айта алуы үшін ашық диалог мәдениетін қалыптастыру, яғни сынып сағаттарында буллинг туралы ашық әңгіме және эмпатияны дамытуға бағытталған тренингтер өткізу керек. Мысалы, UNICEF зерттеулерінде мектептегі қауіпсіз орта мен эмоционалдық қолдау буллингті азайтудың негізгі факторы екені айтылады. Ең бастысы – «көрмегендей болу» мәдениетін жою қажет деп есептеймін. Балалар өз мәселесін жасырмай айта алатын орта қалыптасқанда ғана буллинг азаяды.

Ата-аналарға да буллинг белгілері мен алдын алу жолдары туралы тиісінше түсіндіріп отыру керек. Үйдегі ашық диалог – бала үшін басты қорғаныш.

Буллингтің алдын алудың ең тиімді жолы – жазалау емес, алдын алу, түсіндіру және сенімге негізделген орта құру деп ойлаймын.

- Ендеше, жасөспірімнің қысымға тап болғанын неден аңғаруға болады?

- Жасөспірімнің қысымға (буллингке) ұшырап жүргенін мінез-құлықтық, эмоционалдық және физикалық белгілерден аңғаруға болады. Мінез-құлқындағы өзгерістер – ең басты белгі. Бала сабаққа барғысы келмесе, ұйқысы бұзылса, тәбеті төмендесе немесе жиі ауырып қалса, бұл – дабыл. Кейде денесінде көгерген іздер болуы мүмкін, бірақ ол себебін айтудан қашқақтайды. Телефонға келген хабарламалардан қорқу, әлеуметтік желіден қашу да кибербуллингтің белгісі болуы ықтимал.

Ең маңыздысы – баланың мінезіндегі күрт өзгерісті байқау. Егер бұрын ашық, белсенді жасөспірім кенеттен тұйықталып кетсе, бұл – назар аударуға себеп. Мұндай жағдайда кінәламай, сабырмен сөйлесіп, сенімге негізделген әңгіме құру қажет.

- Баласы буллингке ұшыраса, ата-ана қандай қадамға баруы керек?

- Ең алдымен баланы кінәламай, мәселенің байыбына бару қажет. «Өзің кінәлі шығарсың» деген сөз жағдайды ушықтырады. Баланы мұқият тыңдап, қолдау білдіру маңызды. Жағдайға байланысты нақты дәлелді ақпараттар алып, буллингтің болғандығын растайтын мәліметтерді жинаған жөн.

Кейін мектеп әкімшілігімен, сынып жетекшісімен сөйлесу керек. Егер жағдай қайталанса, физикалық күш қолдану немесе ауыр психологиялық қысым болса, психолог пен тиісті органдарға жүгінген абзал. Ең бастысы – бала өзін жалғыз сезінбеуі тиіс. Әр ата-ана баласын буллингтен қорғау үшін қауіпсіздік стратегияларын бірге талқылау қажет.

- Оқушы соққыға жығылса, мектеп басшылығы жауапты ма?

- Егер оқиға мектеп аумағында немесе оқу процесі кезінде орын алса, мектеп әкімшілігі қауіпсіздікке жауапты. Бұл – заңмен бекітілген міндет. Алайда жауапкершілік тек жазалау емес, алдын алу шараларын күшейтуге бағытталуы керек. Мәселе туындағанда мектеп те, ата-ана да бірлесе әрекет етуі маңызды.

- Балалар арасындағы қатыгездік неден туындайды деп ойлайсыз?

- Қатыгездік көбіне отбасындағы эмоционалдық суықтықтан, зорлық-зомбылық көрген ортадан, назар жетіспеушілігінен туындайды. Топта бедел жинау немесе «көшбасшы» болу үшін кейбір балалар әлсіздерді нысанаға алады. Кей бала агрессия арқылы өз әлсіздігін жасырады. Әлеуметтік теңсіздік, ата-ананың шамадан тыс бақылауы немесе мүлде бақыламауы да әсер етеді. Сондықтан тәрбиеде тепе-теңдік қажет. Қайталап айтайын, эмпатияның дамымауы - басқаның сезімін түсінбеу, жанашырлықтың болмауы қатыгез әрекетке әкеледі. Эмоциялық интеллект төмен болған сайын агрессия қаупі жоғарылайды.

- Гаджетке тәуелділік пен зорлық-зомбылыққа толы контенттің әсері қандай?

- Қазіргі кезде балалардың гаджетке тәуелділігі – барлық отбасында кездесіп отырған жағдай. Шектен тыс қолданылған гаджет бала психикасына сөзсіз кері әсер етеді. Мысалы, зейіннің шашырауы, ашушаңдық, ұйқының бұзылуы байқалады. Күніне балалардың гаджетті пайдалану уақыты 30 минуттан аспауы тиіс, бірақ ол ережені ешбір бала сақтап жатқан жоқ. Күні бойы бала шектеусіз көретін зорлық-зомбылыққа толы ойындар мен фильмдер агрессияны қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға үйретуі мүмкін. Бірақ мәселе тек контентте емес – ата-ананың бақылауы мен түсіндіруінде. Баламен бірге талқылау, экран уақытын шектеу өте маңызды. Осы бағытта әр отбасына отбасылық ереже қалыптастыруды ұсынар едім.

Қорытындылай келе, бала тәрбиесі – жүйелі, бірлескен жұмыс. Ең тиімді құрал – сенімге негізделген ашық қарым-қатынас.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жасөспірімнің соққыға жығылуына байланысты мектеп директоры қызметінен босатылғанын жазған едік.