Балалар түнгі қалада - 55 азамат жазаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көліктегі ішкі істер департаменті мүдделі органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, теміржол және әуе көлігі нысандарында «Балалар түнгі қалада» атты жедел-алдын алу шарасын өткізді.

«Ағымдағы жылдың 17-21 қыркүйегі аралығында ұйымдастырылған шараның мақсаты - жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстың алдын алу, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орталықтарында немесе үйлерінен тыс жерде жүруін болдырмау», - дейді Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Г. Қарсұлтанова.

Г. Қарсұлтанованың айтуынша, шара барысында ҚР ӘҚБтК-нің 442- бабының 2- бөліміне сәйкес түнгі уақытта үлкендердің ілесіп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдерге қатысты 55 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауына қатысты 2 факті, ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу бойынша 2 факті анықталған.

Мәселен, ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Көкшетау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінде «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзуға қатысты деректерді анықтау мақсатында түнгі уақытта өткізілген рейдтік шаралар барысында сыра өнімін өткізу фактісі анықталды.

Тексеру кезінде Жеке кәсіпкерлікке тиесілі дүкеннің сатушысы 1996 жылғы азаматқа түнгі уақытта сыра сатқандығы белгілі болды.

Қазіргі уақытта сатушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабына сәйкес тиісті құжаттар дайындалып, Көкшетау қаласының Мамандандырылған сотына жолданды. Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының мәліметі бойынша, жыл басынан бері түнгі уақытта заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдерге қатысты 280 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.