Балалардың көбі ересектердің қателігінен көз жұмады

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 285 бала көз жұмды. Әрбір статистиканың артында қайғылы тағдыр мен орны толмас қаза тұр. Бұл мәселе туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова BIZDIÑ ORTA подкастында жан-жақты әңгімеледі.

Фото: Видеодан скрин

Спикердің айтуынша, жол апатынан қаза тапқан балалардың шамамен 60 пайызы жолаушы болған.

— Балалар автокөлікте ересектердің жіберген қателіктерінің салдарынан қаза болып жатады. Көлік ішінде тасымалдау қағидаларын сақтамау салдарынан. Оның ішінде қарапайым қауіпсіздік белдігін тақпау, балаларға арналған автокресло, бустер және адаптерлерді пайдаланбау, — деді Ақтоты Боранова.

Сондай-ақ қайтыс болған балалардың 40 пайызы жаяу жүргінші, велосипедші немесе самокат мінуші болған.

Маманның сөзінше, жол-көлік оқиғаларына көбіне 10-14 жас аралығындағы балалар жиі ұшырайды.

— Бұл жастағы балалар көбіне жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді. Кей жағдайда тоқтап тұрған немесе жақын маңдағы көліктің алдынан жүгіріп шығып, үлгеріп өтемін деп ойлайды. Сонымен қатар балалар ата-анасының әрекетін қайталайды. Егер ата-ана жолды кез келген жерден кесіп өтсе, бала оны қалыпты әрі қауіпсіз әрекет ретінде қабылдайды. Себебі ата-ана — бала үшін қауіпсіздіктің басты кепілі. Кейін бала жалғыз жүрген кезде де сол әрекетті қайталап, қауіпсіз деп есептейді, — деді ол.

Ақтоты Боранова бала қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, күн сайын небәрі бес минут уақыт бөліп, балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін қарапайым тілмен түсіндірудің өзі олардың санасында сақталып қалады.

— Бала көшеге шыққан сәттен бастап жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналады. Сондықтан оның қауіпсіздігіне қоғам болып мән беруіміз қажет. Балалар — жол қозғалысындағы ең осал қатысушылардың бірі, — деп түйіндеді спикер.

Бұған дейін Павлодарда балалар жол апатына жиі ұшырап жатқанын жазғанбыз.