Балалардың жол-көлік апатына түсу оқиғаларының 80 пайызына жүргізушілер кінәлі - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балалардың жол-көлік апатына түсетін оқиғаларының 80 пайызына жүргізушілер кінәлі. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлім етті.

Комитет басшысының келтірген мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылы жол-көлік оқиғаларынан кәмелетке толмаған 142 бала қаза тауып, 2 163 бала жарақат алған.

«Балалардың кінәсінен орын алатын жол-көлік апатының негізгі себептері - бұл, бірінші кезекте белгіленбеген орындарда жолдарды кесіп өту, көлік құралдарының алдынан жүгіріп шығу, сондай-ақ жол бойында ойындар ойнау болып табылады. Дегенмен балалардың жол-көлік апатына түсетін оқиғаларының басым бөлігі, нақтыласақ, 80 пайызға жуығы көлік құралдары жүргізушілерінің кінәсінен, ал әрбір бесінші жол-көлік апаты сол жас жеткіншектердің өз кінәсінен орын алып жатыр», - дейді И.Лепеха.

Осыған байланысты комитет төрағасы қазіргі таңда елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жоғары деңгейде қарастырылатынын мәлім етті. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Жол жүрісі туралы» заң қабылданып, онда жол жүру ережелерін өрескел бұзушылықтарға қолданылатын шаралар қатаңдатылған.

«Жалпы, жол қауіпсіздігі саласында қалыптасқан жағдайдың екі басты себебі бар. Бұлар: жол қозғалысына қатысушылардың тәртібінің тым төмендігі, екіншіден, елімізде автокөліктер санының күрт артуы. Автопарктер санының өсуі апаттылық деңгейіне шынында да әсер етпей қоймайды, өйткені көлік артқанымен, жолдарымыз әлі бұрынғы күйінше қалып отыр», - дейді ол.